Жаңалық

«Зере» қойылымының көрсетілімі өтеді

Бүгін, 19.00-де Қазақстанның Халық әртісі Гүлжан Әспетованың 75 жас мерейтойына орай «Зере» қойылымының көрсетілімі өтеді. 

Өнер майталманының 75 жас мерейтойы мен 55 жылдық шығармашылығына орай, Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры сахнасында «Зере» қойылымының көрсетілімі өтеді. Сонымен қатар, театр фойесіне қарашаңырақ сахнасына алғаш Қарагөз болып қадам басқан актрисаның М.Әуезов атындағы ұлттық драма театры мұражайынан алынған көрмесі ұйымдастырылады.

«Зере» драмасы – актрисаның табиғи таланты мен ерекше болмысына арнайы жазылған туынды. Авторы – Ұлықбек Есдәулет. Режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Зере бейнесінде – Қазақстанның Халық әртісі Гүлжан Әспетова.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің «Зере» атты драмасы кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» атты роман-эпопеясынан бек таныс классикалық кейіпкерлерді көрермен қауыммен қайта жүздестірмек.

Алып анадан туады. Абайдың әкесі Құнанбай ағасұлтан болмас бұрын, жас шағында дана, мейірбан анасы Зереден алған тәлім-тәрбиесі тектіліктің нышанына айналғаны қарт тарихтан белгілі. Зере – от басы, ошақ қасындағы өктем бәйбіше ғана емес, елінің мұң-мұқтажын, қайғы-қасіретін көре білетін дана, мейірбан ана.

Отаршылдықтың қамыты азат басқа киілгенде елдік рухты жоғалтпай сақтайтын кие қазақ аналарының бойында ежелден бар екенін ақын ақ өлеңмен, кейіпкерлер табиғатын тани білуімен бере алған. Спектакльдің премьерасы 2017 жылы өтті.

Гүлжан Әспетова 1946 жылы  28 мамырда  Жамбыл  облысының, Меркі ауылында дүниеге келген. 1963-1967 жылдары Алматыда Құрманғазы атындағы Өнер институтының театр факултетін А.Тоқпановтың сыныбында оқып бітірді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button