Жаңалық

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Қазақ халқы қуғын-сүргінді патшалық Ресейдің кезінен бастап бастан кешірді десек, қателеспейміз. Өйткені «аға ұлт» бұратана халықтарға аяушылықпен қарамай, оларды барынша ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағанын тарихтан білеміз. Қазақ жеріне орыс және украин шаруаларын әкеліп төгіп, атамекен жерлерінен айыруы, қайырымдылық деген желеумен қазақтарды шоқындыруы, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде Орта Азияны мекен еткен халықтардың жастарын қанды қырғынның қара жұмысына айдауы және тағы басқадай қатігездік жағдайлар дәлел бола алады. 

Кеңестік кезеңде қазақ халқы ерекше аяусыздықпен басып-жаншылды және оған қолдан қырғын жасалды. 1917 жылы Қазан төңкерісі орнағаннан кейін, қолына билік алған большевиктер алдымен бас көтерер ауқатты адамдарды қуғындай бастады. Малы мен жерін тартып алған адам еріксіз шет елге бас сауғалап қаша бастады. Үдере көшіп, басқа елге, басқа жерге бару дегеніңіз, оңай дүние емес. Жол-жөнекей ұры-қары мен өзара соғысқан Ресейдің қызылдары да, ақтары да аяусыз талаған талай көш қашып құтыла алмай жолда қалып, қырылды.

Одан бергі уақытта ұжымдастыру басталып, қара халықтың қолындағы азын-аулақ малын сол қызыл өкімет тартып алды. Қазақ малдан айырылған соң күнін көре алмады. Отызыншы жылдардың басында ашаршылық кесірінен халқымыз баудай қырылды. Түлкі-тышқан тұрмақ, адам етін жеген қатігез заман сол кезде орнап еді. Осындай халге елді душар еткен кеңестік Қазақ республикасын басқарған қандықол Филипп Голощекин 1941 жылы атылса да кейіннен Сталин өлген соң ақталған. Бұл кеңестік «қамқор ұлттың» қазаққа деген шынайы көзқарасын көрсетеді.

Коммунистік империя дәл сол кезеңде қазақ пен украин халықтарын неге ерекше қаніпезерлікпен қырып-жойғанын әлі ешкім түсіндіре алмай келеді және ол тыңғылықты зерттелмеген тақырып болып қала береді. Ашаршылық кезінде 2 миллионнан аса қазақ құрбан болған деген мәліметтер бар. Бұл ауызбен айтып қана қоя салатын құрғақ сан емес. Әр қазақтың отбасы осы трагедиядан тыс қалмады. Бұрындары ашық айтылмайтын бұл әңгімені қазір көзі тірі кез келген қария еңірегенде етегі жасқа тола отырып айтады.

Саяси көзқарасы мен сталиндік билікке өз наразылығын білдірген зиялы қауым, әсіресе Алашорда өкілдері қуғын-сүргінге ұшырады. Большевиктер партиясының жеңісі анық нақтыланған соң, оған көздері жеткен алашордалықтардың кейбіреулері еріксіз түрде билікпен келісімге келіп, ұлтты сақтап қалу үшін ағартушылық қызметтерін жалғастыратын болды. Оған себеп, коммунистер көсемі В.Ленинмен жасалған келіссөздер болды. Соның негізінде қазіргі Қазақ республикасының территориясы айқындалған еді. Кеңестік басшы тарапынан құптау алғаннан кейін ұлт қаймақтары жаңа леппен жұмыс істеуге дайын болған еді.

Өкінішке орай, билікке И.Сталин келген соң барлық жағдай өзгеріп сала берді. Оның жеке дара қолға алуымен барлық Алаш белсенділері қуғындала бастады. Бірде қапасқа қамап, бірде бостандыққа шығарған болып Ә.Бөкейханұлы, А.Байтұрсынұлы және М.Дулатұлы сияқты Алашқа бас болғандарды да, кеңестік өкіметті толық мойындап оған қызмет еткен С.Сейфуллин, Б.Майлин және І.Жансүгіровтерді оңдырған жоқ. Олардың өздерін ғана атып-шауып тастаған жоқ, оған қоса әйелі мен бала-шағаларына дейін өмір бойы қудалап күн көрсетпеді.

Қазақ елі тәуелсіздігі қолына тигеннен кейін бар-жоғын түгендеген заман келді. Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мақсатында 1993 жылдың 14 сәуірінде арнайы заң қабылданды. Елімізде 1997 жылдан бері 31 мамыр саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп атап өтіліп келеді.

Тарихшы ғалымдардың зерттеушілерінше өткен ғасырдың 20-шы және 50-ші жылдар аралығында Қазақстанда 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңы ату жазасына кесілген. Қазақ жерінде осындай саяси тұтқындардың жиырмадан астам лагері болды. Саны аз халықтың осындай бастан кешкен трагедиясы ешқашан естен шықпақ емес.

Социалистік режим ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін арқылы халқымызды көп жағынан жайратып, халқымызды қаймағынан айырды. Оның зардабы талай жылдарға созылды. Ұлттық сананың құлдықтан арылуы мен ойдың азат болуы тек қана еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана өз арнасына біртіндеп түсіп келеді.

Қазақ елі жыл сайын осы күні барлық құрбандардың аруақтарына тағзым етеді және өткеннен сабақ алып, қаралы тарихын ұмытпайды.

Басқа материалдар

Back to top button