Жаңалық

Ұлт сапасын арттыру – ұлағатты іс

Халық сенімін арттыру үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында алдағы уақытта атқарылуға тиіс бірқатар маңызды міндеттерді айқындап берді.

Маңызды құжатта айтылған әрбір іс қарапайым халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған. Маңызды құжатта тұрғын үй мәселесін шешуге ерекше мән берілді. «5-10-25» бағдарламасына 390 миллиард теңге бөлінді. Азаматтарға баспана алудың тиімді тетігі ұсынылды. 2021 жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысына өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға немесе басқарушы компаниялардың иелігіне өткізуге мүмкіндік берілді. Сонымен қатар, Жолдауда азаматтар денсаулығы мәселесіне де ерекше көңіл бөлді. Пандемия дағдарысы біздің қоғамымыздағы денсаулық саласында күрделеніп қалған мәселелердің көп екендігін көрсетті.

Президент тапсырмасымен екінші жартыжылдықта медицина қызметкерлерін ынталандыратын қосымша төлем үшін 150 миллиард теңге бөлінеді. 2023 жылға қарай дәрігерлердің еңбекақысы экономикадағы орташа жалақыдан екі есе артық болады. Өңірде денсаулық сақтау саласына жас мамандарды тарту жұмыстары жүйелі қолға алынған. Жолдаудың бір бағыты білім беру саласына арналады. Биылдан бастап ұстаздардың еңбекақысы 25 пайызға көтеріледі. Осы мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бағытталады.

Президент сондай-ақ, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сот жəне құқық қорғау жүйесіндегі күрделі реформалар – азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың жəне олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы екендігіне де ерекше назар аударды. Мәселен, Қ.Тоқаев: «Заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік бермесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» бұл, шын мәнісінде, әділ мемлекет құру тұжырымдамасы. Азаматтар мүлігіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек» деген еді.

Жолдауда ұлттық бәсекелестікке қол жеткізуде цифрландыру ісі барлық реформалардың негізгі тетігі мен басты құралына айналатыны айтылған. Бұл тұрғыда саяси реформалар мемлекетті басқаруға азаматтарды көптеп тартуға бағытталуы керек. Жаңғыртудың негізгі мақсаты – тұтас мемлекеттің тиімділігін арттыру мәселесі тұр.

Жолдау – ел дамуын айқындайтын ұзақмерзімді стратегиялық жоспар. Бұл Жолдаудың ең басты ерекшелігі – халықтың əл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталғаны болып отыр. Сол себепті де оны елдің игілігіне бағытталған тарихи құжат деп қабылдауға əбден болады. Шын мəнінде, Жолдауда айтылған барлық басымдықтар миллиондаған қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартып, олардың бəсекеге қабілеттіліктерін көтеретін тиімді тетіктер.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алғандығын және оның пайда болу себептеріне көбірек назар аударылып, алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын атаған. «Ендігі кезекте жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн», – деген ол. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын «Қоғамдық бақылау туралы» заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік бақылауға балама ретіндегі қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастырады.

Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап факторлық-баллдық шкаланы енгізу міндеті қойылды. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметкерлердің жалақысының көбейуі мен жауапкершілігінің артуына себеп болады. Сәйкесінше жоғары жалақы алатын қызметкерлердің жемқорлық тәуекелдеріне бармауға жағдай жасалады.

Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Адамды және қоғамды уақыт талабына сай жетілдіру қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр.

Б. Әлмеш

Қызылорда облысының әділет департаменті басшысының орынбасары

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button