Жаңалық

Қазағымның қазынасы – домбыра

Павлодар облысында «Қазағымның қазынасы – домбыра» облыстық байқау-конкурсы жарияланды.

Үздік мамандандырылған домбыра кабинетін анықтауға бағытталған аталмыш байқауды «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бөлімі Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының қолдауымен жүзеге асыруда.

«Байқаудың мақсаты – мамандандырылған домбыра кабинеттері жұмыс істеуі, оқушылардың белсенді азаматтық позициясын қалыптастыруға, тарихи-мәдени мұраны зерделеуге, ұлттық кодты сақтауға бағытталған білім беру-тәрбие үрдісін ұйымдастыру», – деді Павлодар облысы бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бөлімінің басшысы Нурия Кубенова.

Байқау 2021 жылдың 17 мамыры мен 4 шілдесі аралығында 3 кезең бойынша өткізіледі. Байқаудың анонсы дайындалып, 13 мамыр күні әлеуметтік желілерде жарияланған. Бағалау үшін сараптамалық топ құрылып, оның құрамына «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бөлімінің, Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының, білім басқармасының мамандары, қоғам, үкіметтік емес сектордың өкілдері, музыка саласындағы мамандар, сондай-ақ өңірлік сараптамалық кеңестің мүшелері кірді.

2021 жылдың 17 мамыр күнінен бастап қалалар мен аудандардың домбыра кабинеттерінде жүргізілетін жұмыстар бойынша 30-дан аса бейнеролик жарияланды. Байқауға 14 маусымға дейін ережеге сәйкес #руханижаңғырудомбыра_pvl хэштегін және @qaz_modern инстаграм парақшасын белгілеген жұмыстар қабылданады. Ең көп лүпіл жинаған 20 кабинеттің жұмысын сараптамалық топ бағалап, үздік 10 кабинетті анықтайды. Үздік 10 кабинеттің жұмысымен толығырақ танысу үшін сараптамалық топтың іс-сапармен шығуы жоспарлануда.

2021 жылдың 4 шілдесі күні байқау қорытындысы жарияланады. Ұлттық домбыра күні қарсаңында барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өткізіледі.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button