Жаңалық

ҚАЗГЗУ-да жаңа мамандық ашылмақ

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева елімізде жаңадан ашылған «Журналистика: аналитика және зерттеу» мамандығымен танысты.

М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетіне арнайы барған министр Facebook-тегі парақшасында жоғары оқу орнынан алған әсерімен бөлісті.

«КАЗГЮУ тек білім беруге ғана емес, студенттің дамуына да көп көңіл бөлетін, халықаралық деңгейдегі заманауи университеттің эталоны. Спортқа баса назар аударатынына, студенттердің қызығушылығы бойынша түрлі қосымша сабақтарға мән беретініне риза болдым. Былайша айтқанда, студенттер университеттегі уақытын өз пайдасына өткізеді, дамиды әрі қосымша қабілеттерді меңгеріп шығады», – деп жазды Аида Балаева.

Кездесу барысында министр мен университет басшылығы бірлесіп атқаратын жұмыстары туралы әңгімелесті. Журналистік этика бойынша семинар өткізу туралы, студенттердің еліміздегі үздік бұқаралық ақпарат құралдарында іс-тәжірибеден өтуі мәселелерін талқылады. КАЗГЮУ Университетінің Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаев әлеуметтік желілердегі парақшасында министрмен кездескенде қандай тақырыптарды қозғағаны туралы жазды.

«Аида Ғалымқызымен бірге шешуге болатын мәселелерді ашық талқыладық. Масс-медиа саласында білікті мамандардың жетіспеушілігі, көптеген ЖОО-дарында білім бағдарламасы мазмұнының ескіруі, баспасөз беттеріндегі шыққан материалдарда деректердің талданбауынан БАҚ-тағы әдептілік деңгейінің төмен болуы сынды мәселелерді айттық», – деді университет басшылығы.

Естеріңізге сала кетейік, жақында КАЗГЮУ университеті осы жылдың қыркүйек айында «Журналистика: аналитика және зерттеу» мамандығы ашылатыны туралы хабарлады. Жаңа білім беру бағдарламасының мақсаты — құқықтық және экономикалық салада, әсіресе сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат саласында терең білімі бар аналитик-журналист мамандарын дайындау.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button