Жаңалық

«Ұлы даланың көне сарындары» антологияның 2-томы жарық көрді

ҚР Білім және ғылым министрлігінің М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Әуезов үйі» Ғылыми-мәдени орталығының мәжіліс залында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасындағы бағыттардың бірі – «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасының аясында басылып шыққан «Ұлы даланың көне сарындары» антологиясының 2 томының тұсаукесу рәсімін өткізді.

«Ұлы даланың көне сарындары» атты антологияның 2-томының шығарылуына білікті кәсіби мамандар, күй өнерін тарихи-теориялық тұрғыдан зерттеген күйтанушы-ғалымдар, көне аспаптардың сақталуына ерекше үлес қосып жүрген белсенділер жұмылдырылып, домбыра күйлерінің аймақтық дәстүрлерін жалғастырған күй шеберлерінің тәжірибесі мен білімі ортаға салынды. Олардың арасында ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы К.І. Матыжанов, өнертану докторлары: Г.Н. Омарова, С.Ы. Өтеғалиева, филология ғылымдарының докторы Т.А. Қоңыратбай, жоба жетекшісі, өнертану кандидаты А.Ж. Қазтуғанова, өнер ордаларының ректорлары: Арман Жүдебаев, Ақан Әбдуәлі, дәулескер күйшілер Шәміл Әбілтаев, Секен Тұрысбеков, Айгүл Үлкенбаева, Абдулхамит Райымбергенов, Нұркен Әшіровтер болды.

Тұсаукесер рәсімінде «Ұлы даланың көне сарындары» антологиясының екінші томына енген қазақтың көне аспаптары – шаң қобыз, саз сырнай, сыбызғы, қобыз, шертер, үш ішекті домбыра сарындары және аймақтық күйшілік өнеріндегі домбыраға арналған халық күйлері мен кәсіби күйші-композиторлардың туындылары, күй шеберлерінің орындаушылық нұсқалары талқыланады. Суырыпсалмалық өнерге негізділген қазақтың күй мұрасының ішінен аспаптық музыканың 335 таңдамалы үлгісі іріктеліп алынды. Күйлердің нотасы аудиоматериалдармен салыстырмалы түрде нақтыланып, сол күйді орындайтын күйшінің тартуымен сәйкестендіріліп, хатталды. Күйшілер туралы негізгі мағлұматтар мен күйлердің аңыз әңгімелерден тұратын ғылыми-танымдық түсініктемелері бірінші томның жалғасы іспеттес қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде берілді. Сондай-ақ, тұңғыш рет қазақтың төл мұрасы ұсынылған басылым заманауи форматта электронды құралдарға көшіріп алып пайдалануға қолайлы болатындай арнайы QR кодпен, CD дискпен бірге жарыққа шығарылды.

Жиында көне сарындардың бастау бұлағы, яғни, жанрлық ерекшелігі, тарихи даму үдерісі, олардың сақталу мен насихатталу жолдары, ұлттық құндылықтардың келешек ұрпаққа тәрбиелік мәні жайында мәселелер де талқыланды.

Тұсаукесер рәсіміне антологияның шығарылуына араласқан белгілі музыкатанушылар, күйтанушылар, күйшілер, танымал ғалымдар, аудармашылар мен редакторлар, «Музыкатану» бөлімінің қызметкерлері, студия мамандары, Күйшілер одағының мүшелері, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстаздары қатысты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button