Жаңалық

Павлодарда облыстық кітапхананың қоры құнды кітаптармен толықты

Кітапханаға белгілі жазушы Рамазан Тоқтаровтың жеке қорындағы кітаптар сыйға тартылды, деп хабарлайды өңірлік баспа беттері.

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың мәліметінше, кітап қоры Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жерлес жазушы Рамазан Тоқтаровың жеке үй кітапханасының кітаптарымен толықты.

«Олардың қатарында жазушыға сыйға берілген, авторлардың жеке қолтаңбалары бар немесе сирек таралыммен шыққан құнды кітаптар бар. Мәселен, «Махаббат қызық мол жылдар» кітабының бірінші бетінде автордың яғни заңғар жазушы Әзілхан Нұршайықовтың ақжарма тілегі мен қолтаңбасы қойылған. Сонда-ақ, Бейбіт Сапаралы «Байшөгел» тарихи-танымдық зерттеулерін, Жайсаңбек Молдағалиев «Тыңдағылар» повесін жазушыға қолтаңасымен ұсынған екен», – деді кітапханада.

Жалпы айтқанда, Рамазан Айыпұлының жеке кітаптары облыстық кітапхананың төрінен орын алды. Мұхтар Әуезовтің таңдамалы шығармаларының 10-нан аса томы, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармалары, Сәкен Сейфуллин, Бердібек Соқпақбаев, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Мұқан Иманжанов, Әкім Тарази секілді қазақ әдебиетінің көрнекі өкілдерінің кітаптары сөрелерді толықтырды.

Айта кетейік, Рамазан Тоқтаров еліміздің оқырмандарына тіршілік өзеніндегі қарапайым адамдар, арқау-желісі солардың жандүниесін, толғанысын, тағдырын бейнелейтін көптеген көркем шығармаларымен кеңінен танымал.

Жазушы сан жылдар Павлодар облыстық газеттерінде, «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс» журналында жұмыс істеген. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағының проза секциясының кеңесшісі, «Жұлдыз» журналы редакторының орынбасары, «Жазушы» баспасында редактор болып қызмет атқарған.

«Оқырмандар жазушының облыстық кітапханаға өз қолтаңбасымен арнайы тарту еткен «Абайдың жұмбағы» кітабын, одан бөлек, «Ертіс мұхитқа құяды», «Бақытты құлдықтың ақыры», «Тұлпардың сыны», «Жердің үлгісі», «Ғасыр наны», «Таңбалы жарғақтың құпиясы» және басқа да еңбектерін кітапхананың оқу залынан оқу мүмкіндігі бар екендігін еске саламыз», – деді кітапханада.

Басқа материалдар

Back to top button