Жаңалық

Азаматтық қоғамды дамыту индексі бойынша баяндама ұсынылды

Бүгін ҚР АҚДМ қолдауымен өткен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының сараптамалық диалог алаңында қатысушылар елдегі азаматтық қоғамды дамыту индексі бойынша жүргізілген талдамалық зерттеудің нәтижелерімен танысты.

Айта кетейік, 2020 жылғы 27 тамызда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілген. Бұл тұжырымдамада азаматтық қоғам мен оның институттарын дамыту үшін жағдайлар жасау, азаматтарды мемлекет пен қоғамның негізгі міндеттерін талқылауға тарту туралы мәселелер көтерілді.

Осыған байланысты, Қазақстанда азаматтық қоғамның даму индексін өлшеу бойынша қазіргі заманғы әдістемені әзірлеу үшін нақты құралдар мен тәсілдемелердің тұтас кешенін құру қажеттілігі туды. Бұған дейін аталған тақырып бойынша зерттеулерді халықаралық және отандық ұйымдар (USAID, Еуропалық Одақтың DCI, «Транспаренси Қазақстан» қоғамдық қоры, «Десента» ҚБ) жүргізген.

«Азаматтық қоғамды дамыту күн тәртібінің өзекті мәселелерінің бірі. Биыл біз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы орайда дәл қазір азаматтық қоғам дамуының қай кезеңде тұрғанын анықтап алуымыз маңызды.  Үкіметтік емес ұйымдардың қандай проблемалары барын сараптап алғанымыз жөн. Өткенге көз жүгіртсек, егемендігіміздің алғашқы жылдары елімізде бар-жоғы 10-20 ғана ҮЕҰ болған, ал қазір елде 17 мыңдай белсенді ҮЕҰ бар. Ал тіркелгендерінің саны 22 мыңнан асады. Бұл тұрғыда елдегі азаматтық қоғамдардың даму индексін зерттеп, саралап, соған сәйкес әрі қарай жұмыстар жүргізуіміз керек. Бұл жұмыстар мемлекеттік мекемелер үшін ғана емес, ҮЕҰ дамуы үшін де маңызды», – деді ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері жөніндегі комитет төрағасы Мадияр Қожахметов.

Диалог алаңы барысында ҚҚДИ Басқарма Төрағасының орынбасары Әсем Кайдарова Институт сарапшылары азаматтық қоғамды дамыту индексі бойынша әдістемелік құрал әзірлеп жатқанын айтты.

Аталмыш тақырып бойынша сараптамалық баяндаманы ҚҚДИ Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының сарапшысы Бауыржан Төлегенов таныстырды. Айта кетер бір жайт, бүгінге дейін халықаралық тәжірибені және азаматтық қоғам индексін, нормативтік-құқықтық актілерді және сараптамалық пікірлерді өлшеу тұрғысындағы әдістемелерді талдау бойынша зерттеулер жүргізілді.

Бауыржан Төлегенов қазіргі уақытта азаматтық қоғамның даму индексі азаматтық қатысу, ұйымдастырушылық ресурстар, құндылықтар мен ұйымдастырушылық мәдениет, сондай-ақ қоғамдық маңызы бар проблемаларды шешуге ықпал ету әлеуеті сияқты параметрлердің орташа бағаларына құрылатынын атап өтті.

«Қазіргі уақытта индекс көрсеткіштері Қазақстанда азаматтық ұйымдар әлеуеттерінің зор екендігіне қарамастан мүмкіндіктерін толығымен жүзеге асырмайды», – деп атап өтті ҚҚДИ сарапшысы.

Диалогтық алаң барысында пікірлерін «Десента» ҚБ бас директоры Сергей Гуляев «Азаматтық қоғамның даму индексі: зерттеудің негіздемесі, нәтижелерді практикалық қолдану» тақырыбындағы баяндамасын таныстырды. Сонымен қатар, «Камеда» қоғамдық қорының басшысы Махаббат Еспенова: «Талдамалы баяндама ғылыми-әдістемелік көзқарас тұрғысынан азаматтық қоғам институттарын дамытуға мемлекеттің мүдделі екендігін көрсетеді. Маған бұл баяндамада Қазақстанда азаматтық қоғам дамуының ретроспективаларын көрсетілгені ұнады. Шыны керек, осы салада зерттеулер жетіспей жүрген еді» десе, адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис: «Азаматтық қоғам-бұл институттар емес, жалпы қоршаған орта. Бұл ортаны институттар арқылы да, оның даму шарттары арқылы да бағалауға болады. Бірлестіктер, ұйымдар, жалпы қоғамға бей-жай қарамай, өз пікірін білдіріп жүрген барлық топты азаматтық қоғам деп түсіну керек. Бұл өте күрделі, үнемі жаңарып отыратын процесс», – деп қайырды.

Диалог алаңы жұмысының қорытындысы бойынша азаматтық қоғамның даму индексін өлшеу әдістемесін жақсарту бойынша сарапшылардың ұсыныстары тағы бір пысықталады.

«Ұсынылған талдамалық баяндама азаматтық қоғамның даму аспектілерін жан-жақты қамтиды. Диалог алаңының қорытындысы азаматтық секторды дамыту бойынша Орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға, Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне ұсынымдар ретінде жіберіледі. Ұсыныстар біздің жұмысымызда да ескеріледі. Яғни, біз диалогты алдағы уақытта да жалғастырып қана қоймай, одан әрі кеңейтуді ұсынамыз», – деп қорытындылады ҚҚДИ Басқарма Төрағасының орынбасары Әсем Кайдарова.

Анықтама: Азаматтық қоғамның даму индексі – азаматтық қоғамның жай-күйін зерделеуге және талдауға, экономикалық, әлеуметтік және саяси процестерге ықпал ету дәрежесін ашуға мүмкіндік беретін халықаралық бағдарлама.

Индекстердің көмегімен азаматтық қоғамды ұйымдастырудың өмір сапасы, халықтың әл-ауқатының жағдайы, бостандық деңгейі, оның саясатқа әсер ету дәрежесі, негізгі саяси институттарға азаматтық сенім шарасы, қоғамдық сектордың белсенділігі, саяси және азаматтық қатысу деңгейі, саяси бәсекелестік дәрежесі сынды әртүрлі аспектілерін бағалауға болады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button