Жаңалық

Лингвистикалық революция

Жан-Франсуа Лиотар 1979 жылы «Постмодерн шарты» атты кітабында алғы шептегі ғылым мен техника соңғы жылдары тіл табиғатына қатты көңіл бөліп отыр, деп жазды.

Фонология, лингвистикалық теория, кибернетика мен коммуникация мәселелері, қазіргі алгебра мен информатика, есептеу машиналары мен оның қолданыс тілдері, тіл аудармаларының мәселелері, заманауи машина тілдерін зерттеу, қолда бар аталымдардың жинақ қоры, жадта сақтау мәселелері, телематика, ойлау қабілетіне ие терминалдар жасап шығару, парадоксология – Лиотардың тізімі ұзақ. Таусылмайтындай.

Тіл мәдениет өлшемінің іргелі таным жолына айналды. Мәні мынада: бүкіл адами нәрсенің бәрі тілдің арқасында дүниеге келеді, тілдің арқасында жүзеге асады.

Дәстүрлі философияда тіл дегеніміз өмірді, идеяны, түп мәнді, ақыл-ойды, мағынаны білдіретін, жеткізетін, адам мен адам емес арасындағы құрал еді.

Ал, тілдік мәдениет аясында аталған ұғым-түсініктердің өзі тілдің өнімі, нәтижесі, табысы саналады.

Тілдің көрнекті орны туралы кезінде Фридрих Ницше, Эдмунд Гуссерль, Зигмунд Фрейд, Эрнст Кассирер, Мартин Хайдеггер, Людвиг Витгенштейн қалам тартты.

Бірақ, тіл проблемаларын басты зерттеу пәні есептейтін бір ғылым саласы бар: ол – лингвистика.

Тілді мәдениет тәні көрсек, онда барлық мәдени институттар (саясат, құқық, экономика, дін, идеялар, теориялар) осы тән идеологиясы болса, онда біз осы тәннің қалай қызмет атқаратынын білуіміз керек. Тіл қалай өмір сүреді?

Структурализм – мәдениет тіліне анализ жасайтын сала. Табиғи тіл мәселесімен құрылымдық лингвистика шұғылданады. Бірақ, символдық тілмен қатар ол да структуралистік ағым аясында қарастырылады.

Бұл ізденістер, бір тараптан, дәстүрлі философияның лингвистикалық табиғатын ашады. Ол өз алдына постмодернизмнің белгілеуші/белгіленуші немесе белгілейтін/белгіленетін (означающее/означаемое), денотация, коннотация, мәтін, ая (контекст), интермәтін, дискурс тәрізді ұғым-түсініктерін тудырады.

Бұл дәстүрдің негізін қалаушылар – америкалық философ Чарльз Пирс пен швецариялық тілтанушы Фердинанд де Соссюр.

Пирс лингвистикамен айналыса қойған жоқ, ол логикаға көп көңіл бөлді. Сондықтан, логикаға сүйене отырып, теңдесі жоқ тіл теориясы – семиотиканы ойлап тапты. Бірақ, оның атын шығарған өзінің шәкірті – Чарльз Моррис еді.

Моррис белгі жайлы теорияны өз ілімінің басты тақырыбына айналдырды. Пирс – белгіге тұңғыш анықтама берген тұлға. Белгі – заттың өзі жоқта оның орнын басатын әрі оның атынан тіл қатып «сөйлей алатын» мән-жайды жеткізіп тұрушы. Ол үш белгіні талдайды. Икондық белгілер, индекстер және символдар. Біріншісі – заттық түпнұсқаға жақын көшірмелер (живопись, фотографиялар, суреттер, штамптар), екіншісі – затқа емес, іс-әрекетке бағдар беруші немесе хат-хабар, ақпар-мәлімет жеткізуші (жол белгілері, сілтемелер, сигналдар), үшіншісіне ол аса қатты назар аударады, өнер-мәдениет тарихында пәнаралық қозғалысқа айналған «символизм» ағымының қалыптасуына жол ашқан ұғым-түсінік.

Символ икон мен индекс арасында тұрған белгі: индекс тәрізді еркін де емес, икон секілді қатты талап та жоқ. Тегі, символизм – семиотика арқылы постмодернизмнің бір үлкен табысына, ал символ мәдениеттің постмодернистік теориясы аясындағы басты түсініктердің біріне айналады.

Басқа материалдар

Back to top button