Жаңалық

Спорт ұйымдастырушылары марапатталды

Мәдениет және спорт министрлігінде видео конференцбайланыс-Zoom режимінде спорт күніне арналған салтанатты жиналыс өтті. Оған спорт саласының өкілдері және өңірлік спорт және дене шынықтыру басқармаларының өкілдері қатысты.

Ақтоты Райымқұлова қатысушыларды Спорт күнімен құттықтай келе, «Қазіргі уақытта елімізде спортқа ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет спортшыларға барлық жағдайды жасап жатыр. Ендігі мақсат – бұқаралық спортты дамытып, салауатты өмір салтын ұстану», – деді министр.

Одан әрі төсбелгілерді тапсыру рәсімі өтті.

«Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісіне Крючков Алексей Михайлович – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары, Нұртаев Әлібек Нұрбайұлы – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК директоры ие болды. Ал Сәрсекенова Кенжеш Садыққызы – Қ.Мұңайтпасұлы атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің конькимен жүгіру спорты бөлімінің жаттықтырушы-оқытушысы, Алкенова Жанар Ақпарқызы – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті әкімшілік және кадр жұмысы басқармасының бас сарапшысы «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Еске сала кетейік, жыл сайын тамыз айының үшінші жексенбісінде Қазақстанда спорт күні аталып өтеді. Аталған мереке елде спортты дамыту мен спорттағы жетістіктерді ынталандыруға арналған. Спорт күні мерекесіне орай елімізде саламатты өмір салтын ұстану – тек пайдалы ғана емес, сонымен қатар қызық әрі көңілді екенін көрсетуге бағытталған түрлі спорт шаралары ұйымдастырылады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button