Жаңалық

Қазақ киносының хәлі қалай?

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында 2021 жылы мемлекеттік қолдау алуға үмітті жобаларды қорғауға өткізілген қатысушылар тізімі жарияланды. Биыл Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсыновтың төрағалығымен жұмыс істеген Сараптама кеңесі жалпы 510 жобаны қарастырды.

Өтінімдердің басым көпшілігі дәстүрлі «Көркем фильмдер» санатына жатады. Биыл «Деректі фильмдер» – 87, «Қысқа метражды фильмдер» – 74, «Копродукция» – 31, «Анимация» – 38, «Дебют» – 32 және «Авторлық/артхаус кино» санаты бойынша – 24 өтініш түскен. Ал еліміздің ең ірі киностудиясы, «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ конкурсқа 45 өтінім тапсырғанын атап өткен жөн.

Сараптама кеңесінің қорытынды отырысының нәтижесі бойынша алда өтетін қорғауға 175 жоба жіберілген және бұл тізімге «Қазақфильм» киностудиясы тапсырған барлық өтінімдер кіреді.

«Сараптама кеңесі бірауыздан «Қазақфильм» киностудиясының барлық жобалары қорғауға жіберіледі деген шешімді қабылдады. Біздің стратегиялық міндетіміз – еліміздің ең ірі киностудиясының қалай дамып жатқанын, қандай кино ұсынатынын, қай бағытта қозғалатынын, қоржынында қандай сценарийлер бар екенін қарау. Егер біз ұлттық киноны қолдау туралы айтатын болсақ, қазір сараптама кеңесінің ерекше назары ұлттық киностудияға аударылғаны таңқаларлық жағдай болмауы тиіс», – дейді «ҰКҚМО» КЕАҚ Бас продюсері Адай Әбелдинов.

Сондай-ақ, биыл өндіріске салуға дайын меншікті қаражаты (қаржылық/техникалық) бар компаниялардың жобаларына басымдық беріледі.

«Осылайша, биыл біз кең ауқымды көрермендер аудиториясына арналған картиналардың сұраған бюджетінің 70 пайызын ғана қаржыландыруға құқылымыз. Картина қорғалғаннан кейін, біз жобаның қызықты авторлары мен мықты сценарийі бар екеніне, шынымен құнды жоба екеніне көз жеткізгеннен кейін, жобаны шығару үшін сұратылған соманы міндетті түрде талқылаймыз және дәлелді  себептер болған жағдайда картинаның бюджетін қысқартуды талап ететін боламыз. Әрине, қысқа метражды фильмдерді есепке алмағанда жыл соңына дейін бюджетті 100 пайыз игеріп үлгермейтініміз анық. Сондықтан, кейбір жобаларға тек дайындық алдындағы және дайындық кезеңдеріне қаражат бөлінеді. Ал келесі жылы бюджеттен қаражат бөлінген жағдайда сол жобаларды толықтай қаржыландыруды жоспарлаймыз», – деп атап өтті Адай Әбелдинов.

Сонымен қоса, питчингте биыл кинотеатрда көруге болатын жобаларға көп назар аударылады. Дәлірек айтқанда, киноөндірістің соңғы кезеңін (постпродакшн) қаржыландыру қарастырылған. Киноорталық биыл отандық кинотеатрларға қаржылық қолдау көрсету үшін бюджеттік өтінім жіберген.

«Біз алғашқы болып бюджеттік өтінімге «Кинотеатрларға қолдау көрсету» шығыстар бабын енгіздік. Бұл қаражат осы және келесі жылдары шығатын ұлттық фильмдерді прокаттауға қолдау көрсету үшін жұмсалуы керек. Біз пандемия мен енгізілген карантиндік шаралар қазақстандық кинокөрсетілім саласына орасан зор зиян келтіргенін бірнеше рет айтқан едік. Елімізде бірқатар кинотеатрлар жабылды, прокатта да, алымдар тұрғысынан да отандық фильмдердің үлесі айтарлықтай төмендеді. Бірақ, шетелдік тәжірибеге қарайтын болсақ, бүгінде барлық Еуропа елдерінде және көрші Ресейде кино қорлары кинотеатрларға түрлі субсидиялар мен жеңілдіктер беріп, белсенді көмектесуде», – дейді «ҰКҚМО» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкенов.

Киножобаларды қорғау әзірге 2021 жылғы 8-10 қыркүйек аралығында өтеді деп бекітілген. Ал қазір киножобаларын қорғауға жіберілген конкурс қатысушылары 1 қыркүйекке дейінгі мерзімде ҰКҚМО-ға өтінім құжаттамасының  бірыңғай жиынтығын ұсынулары тиіс.

«Бүгінде біз кейбір жобалардың өз еріктерімен конкурстан бас тартатындығы туралы хаттарды ала бастадық», – деп сөзін жалғаған Бауыржан Шөкенов бұл тізімге өтінім құжаттамаларының жетіспейтіндігі себебінен шығарылатын жобалар қосылуы мүмкін екен атады. Ал бос орындарға бұған дейін қорғауға жіберілген қатысушылардың тізіміне енбеген бірнеше жобаның шақырылуы мүмкін.

Сараптама кеңесі жұмысында бірқатар нақты критерийлерге сүйенетінін атап өткен жөн. Мемлекеттік қаржыландыруға үмітті киножобаларды іріктеу кезінде ескерілетін негізгі акценттер бұған дейін айтылған. Яғни, конкурс қатысушыларына «ұлттық» мәртебесіне сәйкес контентті қалыптастыруға басымдық беріледі. Атап айтқанда, тарихи тақырыптағы фильмдер, әлеуметтік маңызы бар, жастарға арналған жұмыстар, Қазақстанның ұлы қайраткерлері туралы деректі жобалар, халықаралық кино нарығына шығатын балаларға арналған анимациялық картиналар. Сонымен қатар, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы тақырыбы кинематографтың барлық жанрларында жоғары идеялық-көркемдік деңгейде көрініс табуы тиіс. Келіп түскен өтінімдер арасында конкурсқа балаларға арналған жобалар, сондай-ақ қысқаметражды жобалар көп өтпегенін байқауға болады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button