Жаңалық

Ел тілегінен туған жолдау – Бақытжамал Оспанова

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдау жасады. Президент елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын жариялай келе, 2022-2025 жылдары бюджеттен қаржыландырылатын сала қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20 пайызға өсетіндігін мәлімдеді. Осы орайда ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, Қазақстандық Кітапханалық одақтың төрағасы Бақытжамал Оспанова жолдауда айтылған түйінді мәселелер мен оларды шешуге байланысты нақты міндеттерге қатысты пайымды пікірін білдірді.

«Мемлекет басшысының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жұртшылық әрқашан үлкен үмітпен күтеді. Сондықтан республика Президенті Қ. К. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының ұжымы ерекше ықласпен тыңдады. Атап айтқанда, осы тарихи-бағдарламалық жолдаудың әрбір тұжырымы Қасым-Жомарт Кемелұлының алғашқы күннен ұстанған «тыңдайтын мемлекет» қағидатының жемісі болып табылады.Жолдауда көтерілген қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және қауіпсіздік салаларындағы қандай мәселе болса да олардың ел тілегін ескеруден туғанын әрбір азаматтың түсінуі қиын емес. Осындай салиқалы Жолдаудың тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтой жылы айтылуы да әбден заңды болса керек», дейді Бақытжамал Оспанова.

Оның айтуынша, Республика Үкіметі мен жергілікті әкімдерге жүктелген міндеттер түгелдей халықтың әл-ауқаты мен денсаулығын, білімі мен мәдениетін, бір сөзбен айтқанда, бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруды көздейді.

«Бұл орайда, кәсіпкерліктің алатын орны ерекше екені түсінікті. Мәселен, өткен жылы ғана 66 мыңнан астам бизнес-жобасын жүзеге асырудың арқасында жаңадан 150 мыңнан астам жұмыс орны ашылған немесе сақталып қалған. Экономика саласындағы міндеттердің ішінде қосалқы шаруашылықтар туралы заң қабылданатынын еліміздің шаруалар қауымдастығы  ғана емес, барша азық-түлік тұтынушылар да қуана қабылдадық. Мал жайылымдарын пайдалануға, шаруа қожалықтарына субсидиялар бөлуге байланысты міндеттердің орындалуын ел-жұрт асыға күтіп отыр. Президентіміздің, әсіресе мәдениет қызметкерлерін қолдау туралы талабы Ұлттық кітапхана ұжымын зор ризашылық сезіміне бөледі. 2025 жылға дейін  кітапхана, музей, театр қызметкерлерінің жалақыларын   жыл сайын 20 пайызға көтеру – ел руханиятына және  мәдениет қызметкерлеріне деген шынайы жанашырлық деп білеміз. Сондықтан    Жолдауда қойылған міндеттерді жүзеге асыруға белсене ат салысатын боламыз», деді ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button