Жаңалық

«Sarap» клубы: Жалғасын тапқан идеялар сабақтастығы

Бүгін қоғамдағы түйткілді мәселелерді талдайтын «Sarap» сарапшылар клубының алғашқы отырысы өтті. «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты бастамашы болған сараптамалық клуб отырысында Мемлекет басшысының пандемиядан кейінгі кезеңде елдің одан әрі дамуына, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған бастамалары кеңінен талқыланды.

Жиынға «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ Басқарма төрағасы Асылбек Есенбаев, ҚСЗИ қоғамдық-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Индира Рыстина, ЕҰУ «Экономика» кафедрасының меңгерушісі Жібек Рахметулина, «Рухани жаңғыру» орталығының стратегиялық талдау тобының жетекшісі Ләззат Нұрқатова сынды бірқатар қоғам қайраткерлері мен саясаттанушылар, сарапшылар қатысты.

Әлеуметтік кодекс идеясы азаматтар үшін

«Рухани жаңғыру» ҚҚДИ Басқармасының төрағасы Асылбек Есенбаев жолдауда жақын арадағы негізгі басымдықтар айқындалғанын айта келе, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған нақты бес бастаманың ерекшеліктері турасында сөз қозғады.

«Біріншіден, Жолдауда Мемлекет басшысының іс-әрекетінің логикасы мен жүйелілігі айқын байқалады. Бұл Елбасы саясатымен сабақтастығына да, өзінің стратегиялық және тактикалық әрекеттеріне де қатысты. Мұнда бірнеше мысалдар келтірілген. Мемлекет басшысының зейнетақы жинақтары мен салық жүйесін жаңғырту жөніндегі идеялар сабақтастығы жалғасын тауып жатқанын көріп отырмыз. Ауызсу, көлік инфрақұрылымы, мемлекеттік сатып алулар, Ұлттық қорды пайдалану жөніндегі өте маңызды мәселелер оның назарында», деп атап өтті Басқарма төрағасы. Оның айтуынша, Жолдаудың экономикалық, әлеуметтік және әдістемелік аспектілеріне қысқаша тоқталуына мына екі себеп әсер еткен.

«Жолдауда аталған бірыңғай Әлеуметтік кодексті әзірлеу идеясы мемлекеттік органдардың қызметін оңтайландырудан гөрі азаматтарға ыңғайлы болуға бағытталған. Біріншіден, стратегиялық құжаттың тұтастығын және Мемлекет басшысының тактикалық жан-жақтылығын атап өткім келеді. Меніңше, ол қарапайым шешімдердің, нақты жобалардың және нақты көрсеткіштердің жақтаушысы. Кейде гуманитарлық бағыттар жетіспей жататын, сол сияқты шешім ұсына алмай жатқан тұсымыз болады. Екіншіден, азаматтардың өзін-өзі тануы мен Жолдауда көтерілген жеке құндылықтар жүйесін қалыптастыру мәселелері біздің институттың тікелей құзыретіне жатады және бұл тақырып сіздің кәсіби қызығушылықтарыңыздың салаларымен тығыз байланысты болғандықтан, біздің бүгінгі әңгімеміз осы бағытта өтеді деп күтеміз», деді Басқарма төрағасы Асылбек Есенбаев.

Жолдау – пандемиядан шығу жоспары

Жиынның модераторы, «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институты Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының жетекшісі Қазбек Майгелдинов қоғамдағы процестер мен түйткілді мәселелерді талдап, зерттейтін сарапшылар алаңының мақсатын түсіндірді. Оның айтуынша, қоғамдағы жайттарды талдап, уақытылы баға беретін саяси алаңдардың аздығы байқалады, осы орайда сарапшылар алаңының болуы маңызды.

«Биылғы жолдаудың бірнеше ерекшеліктері бар. Әсіресе, пандемиядан кейінгі жалпы ішкі даму бойынша басты бағыттарды Президент атап өтті. Дегенмен жолдау аясындағы берілген басымдықтарды халық арасында мәселелерді түсіндіру және жолдаудың маңызы, стратегиялық бағыттарын түсіндіру, талқылау күн тәртінде. Жолдауда көпшілік күткен жайт – халықтың әл-ауқатын арттыру. Пандемия кезінде елдің әлеуметтік жағдайы ең түйіткілді мәселенің бірі болды. Яғни, көп балалы аналардың талабы, жұмыссыздық және шағын және орта кәсіпкерлік. Биылғы Жолдау – пандемиядан сабақ алып, енді одан шығу жоспары. Дәлірек айтсақ, Президент дәрігерлер мен мұғалімдердің еңбегін бағалау керектігін үнемі айтады, нәтижесінде олардың жалақысы көтерілді», дейді ол.

Мемлекеттік жобалаудың негізгі құралы

Ал ҚСЗИ қоғамдық-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Индира Рыстина жолдаудың құжат қана емес, жалпы мемлекеттік жобалаудың негізгі құралы ретінде бекітіліп отыр деген пікір айтады.

«Президент жолдауы бүгінгі күні тек қана құжат ретінде ғана емес. Бұл жалпы мемлекеттік жобалаудың негізгі инструменті ретінде бекітіліп отыр. Жолдауда айтылған дүниелер ары қарай мемлекеттік жобалау, жоспарлау жұмыстарының алдында тұратын құжат болып келеді. Саяси блокты талдауға көшетін болсақ, саяси модернизация төңірегінде негізгі бағыттар айқындалды. Сонымен қатар әйелдер мен жастар категориясына енді мүмкіндігі шектеулі азаматтар да кіріп жатыр. Бұл – инклюзияға деген Мемлекеттің көзқарасы. Азамат құқығын қорғау адам құқығының мүмкіндіктерінің теңесуіне әкелетін бір фактор», дейді сарапшы.

Жолдауда ұлт пен ұлттық термині 41 рет кездеседі

Бұдан кейін сөз алған саяси кеңесші, PhD докторы Дина Айкенова Жолдау мазмұнына жүргізілген талдау бойынша пікір білдіріп, басқарушылық шешім қабылдауға әсер ететін бірнеше факторларды атап көрсетті.

«Егер біз мазмұнды талдау мен хабарламаның семантикалық талдауына жүгінетін болсақ, онда Жолдауда ұлт пен ұлттық терминінің 41 рет айтылғанына назар аудару қажет. Екінші орында экономика және экономикалық терминдер сөзі жиі кездессе, үшінші орында аймақтарды дамыту мәселелері тұр. Аймақ және аймақ термині 19 рет кездеседі. Осыған сүйене отырып, бұл жолдау әлеуметтік сипатта, экономиканың, ауыл шаруашылығының және аймақтың дамуына баса назар аударылады деп айта аламыз. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы өз сөзінде азаматтық мәдениет сияқты ұғымды қолданатынына назар аудару қажет. Азаматтық мәдениет халықтың белсенділігінің жоғары деңгейі, саяси мінез-құлықтың хабардарлығы туралы айтады. Бұл Мемлекет басшысының ауыл әкімдері мен Парламент депутаттарын сайлаудағы бейбіт тұрғындардың белсенділігіне берген бағасының куәсі. Елбасы айтқан көптеген мәселелер жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі функционалды, стратегиялық құжаттармен дәлелденді. Біз аудан әкімдерін сайлаудың жаңа кезеңіне көшеміз», деп қорытындылады саяси кеңесші, PhD докторы Дина Айкенова.

Жиын қорытындысы бойынша «Sarap» талқысының нәтижесінде арнайы қарар қабылданатын болады. Ұсыныстар ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне резолюция ретінде жолданады. Сондай-ақ, сарапшылар алаңы тек Жолдау кезінде ғана емес, одан кейін де жұмысын жалғастырып, қоғамдық-саяси процестер назарда ұстамақ. Клуб отырысы апта сайын онлайн және офлайн форматта қарастырылады.

 Ая ӨМІРТАЙ

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button