Жаңалық

200 өлеңді жатқа білетін Шахназар

Асқар Шахназар – 200 өлеңді жатқа оқитын оқушы әрі жас ақын. 10 жастағы жеткіншек мәнерлеп оқу сайыстарында бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, белестерді бағындырып жүр. 4 жасынан бастап өлең жазған. Жас дарынмен және оның анасымен тілдесе отырып, оның поэзияға деген қызығушылығы және арман-мақсаттары туралы сөз қозғадық.

Асқар Шахназар Алданазарұлы Ақтөбе қаласында 2011 жылы, 3 шілдеде дүниеге келген. Қазіргі таңда М. Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының 5 сынып оқушысы. М. Мақатаевтың 85 жылдығына орай өткізілген «Жырлайды жүрек» және «Абай оқулары» мәнерлеп оқу байқауларының жеңіппазы.

Анасы Шахназардың алғашқы жетістіктерімен және поэзияға қызығушылығын қалай оятқанын айтып берді.

«Шахназар бала күнінен өз қатарластарынан ерекшеленетін. Балабақшада басқа балалар енді сурет салып, ойын ойнап жүрсе, Шахназар әріптеп оқып кеткен. Оны өзіміз байқамасақ та, балабақша тәрбиешілері көріп, мақтап отыратын. Алғаш рет тәрбиешілері балабақша арасында өткен облыстық «Дарынды бала» байқауына қатыстырып, Шахназар жеңімпаз атанған. Қанша жыл өтсе де, алғашқы жарысы болғандықтан, сол жүлдесі бізге ерекше ыстық», – дейді анасы.

Анасының айтуынша, оның поэзияға қызығушылығы қанда бар қасиет. Өйткені өз атасы да, нағашы атасы да ақын.

«Шахназардың ақындығы аталарынан берілген деп білемін. Соларға қарап бой түзеп, жыр жазғанды ұнатады. Ал мәнерлеп оқуға қызығушылығы туралы айтсақ, баланы тәрбиелеудің қажеті жоқ. Бала көргенін істейді. Мен де, әкесі де педагогпыз, бірақ оған өлеңді қинап жаттатқызып немесе еркінен тыс оқытқан емеспіз. Мен үйде кітап оқимын, Мұқағали поэзияларына қызығамын. Шахназар менің сол кітаптарымды парақтап отыратын, кітап оқитын адамдарды, өлең оқитын адамдарды көріп өсті. Егер біз кітап оқымай, күні-түні телефон алдында телмірсек, мүмкін ол да сондай болар ма еді. Сондықтан баланы емес, өзімізді тәрбиелеуіміз керек», – деп кеңесімен бөлісті.

Одан соң Шахназармен тілдесіп, оның сүйікті ақын-жазушылары туралы сұрадық.

«Маған Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шаханов және Қадыр Мырза-Әлидің өлеңдері ұнайды. Ең жақсы көретін өлеңім – М.Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңі. Одан бөлек Абай шығармашылығына да қызығамын, бірақ кей өлеңдерін жаттау маған қиындық туғызатын. Өлеңдерді ұмытып қалмас үшін қайталап, еске алып отырамын», – дейді Шахназар.

Десе де жас ақынның басқа да қызығушылықтары бар екен. Ол болашақта ақын немесе жазушы болуды емес, шахматшы болуды армандайды.

«Маған өлең оқыған ұнайды, болашақта аталарым сияқты жыр жинағымды шығарғым келеді. Бірақ мен шахматқа да қызығамын. 5 жасымнан бастап шахмат секциясына қатысып жүрмін. Қазір ол салада мықты жетістіктерім болмаса да, топ жарып, Қазақстанның атын шығартыныма сенемін», – деп сөзін аяқтады Шахназар.

Өнерлі жеткіншектің талабы таудай болсын деп, тек сәттілік тілейміз!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button