Жаңалық

Өңірлік саясатты жетілдіру мәселелері талқыланды

«SARAP» эксперттік клубының кезекті жиынында Мемлекет басшысының жақында жарияланған Жолдауында көрсетілген өңірлік саясатты жетілдіру мәселелері талқыланды. Іс-шараны ҚР АҚДМ қолдауымен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырды.

Отырысты ашқан ҚҚДИ Басқарма Төрағасы Асылбек Есенбаев жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту Мемлекет басшысының Жолдауларында басты орындардың бірін алатынын тақырып екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында алдыңғы екі жолдаулардағы бастамаға негізделген идеяларды жалғастыра отырып, өңірлік саясат мәселелерінің кей сұрақтарын толықтырып және кеңейтіп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмаларының жиынтығында стратегиялық құжат болып табылатын Өңірлік даму бағдарламасының нақты тетіктері қарастырылған», – деп атап өтті Асылбек Есенбаев. Сонымен қатар, бюджет шығындарына қатысты басты басымдық беру өте дұрыс және дер кезінде жасалып жатқан шешім. Қазір өңірлердің бюджеттерін қалыптастыру кезінде шығындарды бақылау және қадағалау үшін тұрғындарды тарту қажет екені анық. «Бюджетке қатысу» аймақтарда сәтті сынақтан өтті, бұл жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудағы пәрменді қадамдардың бірі».

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында азаматтарды мемлекеттік басқару үдерісіне белсенді тарту мақсатында әкімдерді тікелей сайлауды енгізу жөніндегі шаралар айқындалған болатын.

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, қоғам қайраткері Ғалым Байтоқтың пікірінше, биылғы ауыл әкімдерін тікелей сайлау – саяси реформаға жасалған үлкен қадам.

«Екінші қадам аудан әкімдерін сайлау мүмкіндігі болмақ. Бұл шаралардың барлығы азаматтардың мүдделерін сапалы жүзеге асыруға бағытталған», – деді ол.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасы меңгерушісінің м.а. Елдос Жұмағұлов 2024 жылы өтетін аудан әкімдерін сайлау еліміздің саяси өміріндегі маңызды оқиға болатынын атап өтті.

«Сайлау институттарын дамыту азаматтардың мемлекет істеріне қатысу құқықтарын жүзеге асырудың маңызды құралы болып табылады. Бұл құбылыс елдегі саяси мәдениеттің қалыптасуына бірден-бір алғышарт бола алады. Мәселен, Қарағанды облысындағы ауыл әкімдерін сайлауға электораттың 75% – ы қатысты, оның ішінде «Ауыл», «Ақжол», «Адал» сияқты партиялардың өкілдері жеңіске жетті. Бұл прогрессивті саяси өзгерістер деп айтуға болады», – деді Елдос Жұмағұлов.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өз Жолдауында «халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты – мемлекеттік аппарат азаматтардың мүддесі үшін жұмыс істеуі тиіс деп атап өткен болатын. Бұл ең алдымен жергілікті билікке қатысты. Ел Президенті жергілікті әкімдіктерге азаматтармен өзара іс-қимыл жасау және олардың мәселелерін жедел шешу қажеттігін де атаған болатын. Осылайша, өңір басшылығы жергілікті экономиканы дамыту арқылы ғана тұрғындардың әл-ауқатын арттыра алады.

Өз кезегінде сөз алған Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Нұрлан Күнтуов өңірде азаматтардың әлеуметтік көңіл-күйін жақсарту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

«Біздің өңірде алдағы уақытта азаматтардың өмір сүру ұзақтығын орта есеппен 74,4 жасқа дейін ұлғайту көзделіп отыр. Бүгінгі таңда облыста медициналық қамтамасыз ету деңгейі 88%-ды құрайды. Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған 1000 мектеп салу туралы бастамаға қатысты өңірде бүгінде 23 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр», – деді Нұрлан Күнтуов.

Отырыс барысында Қарағанды облысының «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұлов, ҚҚДИ сарапшылары Ерлан Медеубаев, Дина Айкенова және т. б. сөз сөйледі.

Спикерлердің сөзін қорытындылай келе, ҚҚДИ Басқарма Төрағасы Асылбек Есенбаев Президенттің барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын бағалау тетігін оңтайландыру үшін тәуелсіз әлеуметтік сауалнамалар жүргізу керек деген сөзін назарға алып, «Қазақстандық қоғамдық даму институтының аймақтық супервайзерлер желісінен тұратын кәсіби әлеуметтік зерттеулер қызметі бар және біз осындай зерттеулерді жүргізуге дайынбыз», – деді.

«SARAP» клубының отырысында эксперт, мамандар Қазақстанның өңірлік саясатын жетілдіру барлық өңірлердің үдемелі және теңгерімді әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталғанын атап өтті. Бұл ретте өңірлерді дамытудың негізгі аспектісі тұрғындардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру.

Басқа материалдар

Back to top button