Сұхбат

«Қызыл Анар» фильмі қалай түсірілді?

Қазақстандық кинорежиссер Шарипа Оразбаеваның «Қызыл Анар» фильмі Пусан қаласында (Оңтүстік Корея) өткен 26 -шы Халықаралық кинофестивалінің басты байқау бағдарламасына енді. Картинаның сюжетінде зорлық-зомбылықтан аман қалып, әділдік іздеген әйелдің оқиғасы баяндалады.

Шарипа Оразбаева Қазақстандағы әйелдер арасынан шыққан жас режиссердің бірі, десе де халықаралық кинофестивальдерде жүлделі орындардан көрініп жүр.

– Шарипа ханым алдымен өзіңізді оқырманға таныстырып өтсеңіз.

– Өзім жайлы айтар болсам, режиссер, продюсер және сценариспін. Яғни фильм авторы ретінде сценарий мен продюсерлігін қатар алып жүремін. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының режиссер мамандығының түлегімін, әйгілі грузин режиссері Ираклий Квирикадзенің шеберханасында режиссерлік жоғары курстарды «кино және теледидар режиссері» мамандығы бойынша бітірдім. Жалпы кино саласында еңбектеніп жүрмін.

– Баспасөзге берген сұхбатыңызда өмірдегі оқиғаларды қаз-қалпында қойын дәптеріңізге түртіп жүремін дегеніңіз бар еді. Авторлық фильмдеріңізде басыңыздан өткен оқиғаларды жиі пайдаланасыз ба?

– Иә, дұрыс айтасыз. Өмірде болған оқиғалардың ізімен бірнеше фильм түсірдім. Кейде менен бұл оқиғалар өзіңіздің басыңыздан өткен тағдыр ма деп сұрап жатады. Жоқ, әрине бұл дүниелер қоғамда болып жатқан түйткілді мәселелер. Осы өзекті мәселелерді әлемге, халыққа жеткізуге тырысып жүрмін. Жан-жағымыздағы әлеуметтік мәселені шешуге қолғабыс етсем деп ойлаймын.

– Бұған дейін сізді қысқаметрлі фильм жанрымен таныдық, жаңа фильмді түсіруде қиындықтар кездеспеді ме?

– Осы уақытқа дейін қысқаметрлі фильмдер түсіріп келдім. 2019 жылы «Мәриям» толықметрлі фильмін жарыққа шығарған соң, «Қызыл Анар» деген екінші толықметрлі фильм түсірдік. Фильмдерді түсіруде қиыншылық болды деп айта алмаймын. Себебі, фильмде продюсер де, сценарист те өзім болдым әрі жеке қаржыма түсірілген авторлық фильм болды. Негізі көрермендерге бір құпия айтайын, толықметрлі фильмді түсіргеннен қысқаметрлі фильмді түсіру қиынырақ. Толықметрлі фильмде айтар ойыңды толық жеткізе аласың, ал 15 минуттың ішінде идеясы бар фильм жасау,  ол – өте қиын.

–  «Қызыл Анар» толықметрлі фильмі жақында Халықаралық Пусан кинофестивалінің бағдарламасына енді. Фильмнің түсірілу тарихынан сыр шерте отырсаңыз.

–  «Қызыл Анар» – бұл менің толықметрлі екінші фильмім. Ұзақтығы 115 минутты құрайды. Жанры – авторлық кино, драма. Жанры мен сюжеті өте ауыр болғандықтан көпшілікке арналған фильм емес. Фильм, қазіргі таңда қоғамдағы мәселелерді, яғни әйелдерге, балаларға жасалып жатқан зорлық-зомбылықтың көрінісін баяндайды. Бұл сценарийді жазуға Түркістан облысы, Абай ауылындағы 7 жасар баланың жағдайы түрткі болды. Осы оқиғаның барысында фильмді ары қарай өрбітіп, әйелдерге, жалпы балаларға қарсы зорлық-зомбылықтың көрінісін жасауға тырыстым.

– Бұл фильмнің бюджетсіз басталғаны белгілі. Қаржылай көмек көрсеткендер болды ма?

– Иә, бұл фильм бюджетсіз басталды. Әу баста оны өзімнің қаржыма түсіре бастадым. Бірақ кейін пост продакшнға келген кезде ары қарай түсіруге мүмкіндігім қалмады, өндірісі тоқтап қалды. Фильмді қалай аяқтаймын деп ойланып жүргенде Нұр-Сұлтан қаласындағы «Black&White» медиа холдингтің басшысы Думан Қожахметовті кездестірдім. Осы фильмді аяқтауға көп көмегін тигізді. Негізі Қазақстан атынан шығатын осындай авторлық фильмдер мен қоғамдағы мәселелерді көрсететін фильмдер кинофестивальдерге шыққанда қолдау тапса екен деген ниетім бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Басқа материалдар

Back to top button