Жаңалық

Турист күнделігі: Байқоңыр

Байқоңыр қаласы – «Байқоңыр» ғарыш айлағы бар, еліміз үшін маңызды қала. «Жабық қала» космодроммен бірге 2050 жылға дейін Ресейге жалға берілген. Қала тұрғындарының сөзін негізге ала отырып, қала туралы ерекше фактілермен бөлісуді жөн көрдік.

Байқоңыр – Қызылорда облысы Қармақшы ауданындағы қала. «Байқоңыр» ғарыш айлағының салынуына байланысты қала іргесі 1955 жылы қаланды. 1993 жылы қала Ресейге 20 жылға жалға беріліп, кейіннен мерзімі ұзартылды. 1996 жылға дейін қала Ленинск деп аталды.

Қалаға қалай жетеміз?

Қала толықтай қоршалған. Егер қала тұрғындары Ақай немесе Төретам кентіне баратын болса, бақылау-өткізу пунктін жедел тексеру орталығы (КПП) жүйесінен өтеді. Олар орталыққа тұрғылықты мекенжайы туралы анықтаманы ұсынады. Ал Байқоңырға өзге қаладан келетін болсаңыз, алдын-ала 5-10 күнге немесе 1 айға орталықтан рұқсат қағазын алу керек.

Алматыдан Байқоңырға жету үшін Алматы-Ақтөбе немесе Алматы-Маңғыстау, Алматы-Орал пойызына мініп, Төретам станциясына дейін барасыз. Билет құны, орташа есеппен, плацкарт – 7500 теңге, купе – 10 000 теңге болады. Төретам станциясынан Байқоңыр қаласына такси арқылы жетіп аласыз.

Қаладағы валюта мен бағалар:

Байқоңыр қаласында толықтай рубль валютасы жүреді. Жалақы да рубльмен беріледі. Сондықтан валюта айырбастау пункттерінен рубль сатып алғаныңыз дұрыс.

Бірақ қала тұрғындары Төретам немесе Ақай кентіне барып, теңгемен сауда жасағанды жөн көреді. Олар керек-жарағын көптеп әкеліп қояды екен. Өйткені Байқоңырда азық-түлік бағасы басқа қалаларға қарағанда екі есе қымбат.

Көрнекі жерлері:

«Ғылым» стелласы – Байқоңыр қаласының әсем жерлерінің бірі. Жастардың көбі сол ескерткіш жанында серуендегенді ұнатады.

Москва, Алматы қаласы сияқты Байқоңырда да Арбат бар. Түрлі мерекелер мен жиындар осы жерде өтеді, қыста шыршалар құрылады. Әр сенбі, жексенбі күні мерекелік кештер өткізіледі.

Байқоңыр қаласының орталық алаңына бас конструкторлар С.П. Королев пен М.Г. Янгельдің ескерткіштері, сондай-ақ, тұғырға С.П. Королев құрастырған ғарыш кемесі орнатылған. Қаланың демалыс саябағында зымырандарды сынақтан өткізу кезінде қаза болғандардың (200-ден астам) бауырластар зираты, ғарышты зерттеу тарихи мұражайы бар.

Ғарыш айлағына бару үшін

Ғарыш айлағында жұмыс істейтіндер үшін автобустар бар. Ал қарапайым адамдар ол жаққа өз бетінше бара алмайды. «Ғарышкерлер күні», т.б. атаулы мерекелерде арнайы экскурсиялар ұйымдастырылады. Оған оқушылар мен студенттерді, басқа да барғысы келген жандарды апарып, ғарыш кемелерімен таныстырады. Егер Байқоңырға келген туристер ғарыш айлағына барғысы келсе, алдын-ала ескертіп, экскурсия ұйымдастыруы қажет. Ғарыш айлағын тек белгілі бір қашықтықтан көруге рұқсат етілген, нысанға межелеген жерден асып, жақындауға болмайды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button