Сұхбат

Жас ғалымдарды не алаңдатады?

Айгүл Малмакова – А.Б. Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтының бас ғылыми қызметкері, уыттылығы аз, әсері жоғары жансыздандырғыш түрлерін ойлап тапқан ғалым. Фармацевтика саласына үлес қосып жүрген ғалымның өнертабыстық жетістіктерімен танысып, өрелі сұхбат жүргіздік.

«Бидайдың өсіп-өнуінің әлеуетті стимуляторлары ретіндегі жаңа фторалмастырғыш аминофосфонаттар» жобасы жоғары бағаланып, 2020 жылы Елбасы қоры грантын жеңіп алған.

«Еліміздің химия ғылымын дамытуда өз үлесін көптеп қосқан, Ұлы Отан соғысы жылдарының аяғында кірпіші қаланған А.Б. Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтында осы іргелі жұмыстар жасалды. Мұндай ғылыми институттың бар екенін біреу білсе, біреу білмес. Енді өнертабыстарыма келсем, қазіргі күні 5 инновациялық патент, 16 пайдалы модель патенті мен 2 өнертабыс патентімен алынған заттарымыз қорғалды.

Бұл өнертабыс нысандары – өздерін медицинада қолданылатын жансыздандырғыштар, иммуномодуляторлар, ауылшаруашылық дақылдарының өсімін арттыратын препараттар ретінде дәлелдей алған қосылыстар. Жансыздандырғыш дәрілік заттар медицинадағы лидокаин, новокаин, дикаин атты препараттармен салыстырғанда, иммуномодуляторлар левамизол препаратының көрсеткіштерінен де жақсы нәтиже көрсетті.  Зерттеулердің айырмашылығы – әр қосылыстың өзіндік қайталанбас құрылымының болуы, яғни олар – бірегей, ал ұқсастығы – қосылыстардың бәрі теориялық және практикалық қызығушылыққа ие». 

Уыттылығы аз, әсері жоғары жансыздандырғыштарды синтездегеніңіз үшін қуаныштымыз. Бұл өнімдердің сырттан келген препараттардан айырмашылығы қандай? Қазіргі таңда Отандық өнімдер тиімдірек деп айта аласыз ба?

Әрине, мемлекет үшін импорттық заттарды сатып алу тиімдірек. Бұл  импорттық заттарды мақтау үшін айтылған сөз емес. Біздің өнімді патенттеген соң, клиникалық зерттеулерді тереңірек өткізу, дәрілік заттарды өндіріске енгізу сияқты ауқымды жұмыстар атқарылады. Ол үшін өте қомақты қаржы кетеді. Сол себепті шетелден келген препараттарды сатып ала салу арзанға түсетіндігі өтірік емес. Бірақ бұл мәселенің оңтайлы шешімін тауып, тиімді жолдарын қарастыруға болады. Сол бағытта жұмыс істеп жүрміз. Меніңше, түбегейлі өзгерістер орын алу үшін кем дегенде бірнеше онжылдықтар өтуі шарт. Бірақ ғылымның қазіргідей қаржылануымен прогресс көрсетілген мерзімнен де созылып кетуі ғажап емес.

Елбасы қоры грантын жеңгеннен соң, жоба ауқымы кеңейген болар. Қазір ол қолданысқа енді ме? Қандай өзгерістер орын алды?

– Жоғарыда айтқанымыздай, қосылыстар қолданысқа ену үшін ауқымды клиникалық зерттеулер өткізілуі керек. Ал мұндай зерттеулер бірнеше мың теңгеге өткізіле салмайды. Дегенмен «Сәтін салса, мұз жанар» деп дана халқымыз айтпақшы, бір күні бағым жанып, дәрілік заттарым дәріханаларда сатылып қалуы да мүмкін.

Елбасы қорының лауреаттығын алу – менің табыстарымның индикаторы болды. Өзіме деген сенімділікті, жұмысыма деген қызығушылығымды бұрынғыдан да арттырып, алға үлкен қадамдар жасауға мотивация берді. Ол белесті бағындырған соң, мемлекеттік грантты жеңіп, берілген жобаны сәтті аяқтадық. 2009 жылдан бері тоқтамай жүзеге асырып жатқан зерттеулерімнің аясын кеңейтіп, шетелге барып, жақсы тәжірибе алмасуды армандадым.  Осы сәтте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ғылым саласын дамыту бойынша Үкіметке нақты тапсырмалар берген-ді. Сонда Президентіміз жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуді тапсырған еді. Осыны негізге алып, биыл «Болашақ» бағдарламасына 500 ғалымның бірі болып тағылымдамадан өту мақсатында құжаттарымды тапсырдым. Бұйыртып жатса, Ұлыбританияның Бирмингем университетінде доктор Алан Джонспен ісік ауруларына қарсы дәрілік препараттарды зерттеуді қолға алмақшымын.

Алдағы жоспарыңызға сәттілік! Тағы бір сұрағым – жас ғалымдарды алаңдататын мәселе қандай? Қазақ ғылымының дамуына қаржылық қолдаудан бөлек тағы не жетіспей жатыр? Оның болашағына қандай баға бересіз?

– Кез келген мамандық иесінің профессионал боп қалыптасуына белгілі бір уақыт қажет. Ал ғылым тек өзін жақсы көргендерді ғана алақанында аялайды. Елімізде жас ғалымдардың біліктілігін арттыра алатын зерттеу орталықтарының аздығы немесе мүлдем жоқтығы мені қатты алаңдатады. Елімізде ондай орталықтар бар, алайда барлық жас ғалымға қолжетімді емес. Ондай жерлерде алаңсыз зерттеу жүргізуге мүмкіндік берілмеген. Қазақ ғылымының болашағы жарқын болуы үшін болашақта сондай орталықтардың негізін қалап, Еліміздің фармацевтика саласын әлемдік деңгейге жеткізуде өз үлесімді қоссам деймін. Ол үшін үлкен тәжірибе керек, сондықтан әлі де іздену үстіндемін.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button