Жаңалық

Желідегі жауыздық қалай тыйылмақ?

Соңғы жылдары сандық технологиялардың дамуы балаларға қатысты зорлық түрлеріне кибербуллинг немесе онлайн қорлау деген ұғымды қосты. Соның кесірінен жасөспірімдер ғаламтордағы белгісіз топтардың құрбанына айналып, өз-өзіне қол жұмсайды.

Кибербуллинг – адамды интернетте, әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлерде қорқытып, зорлық көрсету. Кибербуллингке кез келген адам тап болуы мүмкін. Бірақ бұл тәсілмен шабуыл жасайтындар негізінен кәмелет жасына толмаған мектеп оқушыларын нысанаға алады. Өйткені: қорғансыз балалар қорыққанынан өзіне қысым жасалып жатқаны туралы ешкімге айтпайды. Тіпті ата-анасы мен жақындарына да тіс жармай, шабуылшының айтқанынан шықпайды.

Кибербуллинг жасайтындардың арасында педофилдер көп кездеседі. Олар балаларды алдап-арбап, желіге жалаңаш түскен видео не суреттерін салуға көндіреді. Кейін сол суреттерді жұртқа жария етемін деп қоқан-лоқы жасау арқылы кездесуге шақырады не ақша бопсалайды. Ал қысымға шыдамай, шарасыз күйге түскендері көп жағдайда өзіне қол салады. Сарапшылардың сөзінше, кибербуллинг қазір бүкіл әлемдегі өте өзекті проблемаға айналған. Өкініштісі – Қазақстанда да кибербуллингке ұшыраған балалар аз емес.

«Әлеуметтік желіде бір-біріне жамандық тілейтін адамдардың шоғыры бар. Адам тектен-текке өзгелердің өзінен төмен болуын тілемейді. Бұл үлкен психологиялық ауытқудың салдарынан туындаған», – дейді медиасарапшы Жайнагүл Төлеміс.

Қазақстандық жасөспірімдердің басым бөлігі негізінен отбасында және мектепте психологиялық қысым көреді. БҰҰ зерттеу барысында елдегі балалардың 79 пайызы бала күнінен бастап кемсіту мен қорлыққа тап болатынын анықтады. Ал оның 12%-ға жуығы онлайн қорлау мен қудалаудан зардап шегеді. Белгісіз топтардың құрбанына айналып, тіпті суицид жасауға дейін барады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауда балаларды кибербуллингтен қорғауға арналған заңнамаларды қабылдау керек деген еді. Биылғы жылдың қыркүйек айында кибербуллинг мәселесі Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бала құқықтарын қорғау мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

«Егер сізді балағаттаса, ең алдымен «әкімшілік іс жүргізу» кодексі бойынша шағымдана аласыз. Технология заманы өзгерген сайын Қазақстанда қылмыстық кодекс арқылы тиісті адамдар әрекеттеріне жауап беріп жатыр. «Ақпараттық технологиялық саладағы қылмыстар» деген арнайы бөлім бар. Онда 9 қылмыс көрсетілген. Ол 9 қылмыстан бөлек басқа да Қылмыстық кодекстің баптары жүзеге асырылып жатыр. Олар: жеке басына қол сұғушылық, жеке басының ар-намысын қорлау, жала жабу және алаяқтық», – дейді заңгер Абай Абылайұлы.

Кибербуллингке тап болғаныңызды білсеңіз, әлеуметтік желіде сізді балағаттаған адамды бұғаттап, қысым көрсеткен тұлғаның сөзіне жауап бермеу керек. Кибершабуыл кезінде ата-ана балаларының параметрлері мен құпия сөзін тексеріп әлеуметтік желіде не жариялағанын көріп, пост немесе пікірлерді дәлел ретінде сақтап, скриншот жасауы керек.

Қоғамда қандай да бір әлеуметтік желіні пайдаланбайтын адам жоқ деп айтуға да болады. «Бір атым насыбайдан көңілі қалатын» қазақтың ұл-қызын ондаған желінің біреуінде болмаса екіншісінде балағаттап, келемеждеп, қарғап жатқандар сол адамның болашағына балта шапқанын түсінбейді де.

Сауалнама көрсеткіштері бойынша буллингке ұшырайтындардың басым бөлігі – 11-15 жас аралығындағы балалар. Сондай-ақ желідегі буллингті жасайтындар да осы жас аралығындағы азаматтар. Мұның үлкен психологиялық ауытқу екенін мамандар да мойындайды…

Бала көңіл-күйінің кенет бұзылуы, ашушаң болуы, ата-ана сөзін құлаққа ілмеуі, оңашалана беруі – кибербуллинг көрсеткіштерінің бірі. Баршаға түсінікті себептерге байланысты желінің барлығын бұғаттап тастау мүмкін емес. Амал – бейімделу. Балаға барынша көп көңіл бөлу.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button