Жаңалық

Әуе толқынында – «Қазақ радиосы»!

Бүгін ұлтымыздың үнжариясына айналған «Қазақ радиосына» 100 жыл. Газет-журнал аса дамымаған, теледидар жоқ кезде қазақ даласының бірінші хабар тарату құралы және ұлттың эстетикалық талғамын тәрбелеуші «Қазақ радиосы» болған-ды.

Бүгінде «Қазақ радиосы» радиокешені «Шалқар», «Астана», «Қазақ радиосы» және «Classic» атты төрт радиоарнадан тұрады. Оның әрқайсысы түрлі бағыт бойынша ақпарат таратып, тыңдармандарын қуантып келеді.

Тарихы:

1921 жылдың 1 қазанында Орынбор қаласындағы орталық радиостанция арқылы күн сайын 1600 сөзден тұратын радиобюллетеньді республикаға таратуға құқық беріледі. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен «Қазақ радиосы» Орынбордан хабар таратты. Бұл қазақ даласында әуе толқыны арқылы берілген алғашқы радиохабар еді. 1926 жылы радиокешен Қызылордаға ауысты. 1931 жылы Алматыға көшіп, шарықтай түсті.

Алғашқы тұлғалар:

Қазақ радиосының дамып, тыңдарман көңілінен шығуына ондағы белді дикторлар мен өнер иелері көп үлес қосты. 1932 жылы Қазақ радиосына жеке орындаушы ретінде қазақ театр өнерінің негізін салушы Елубай Өмірзақов шақырылған. Спорт комментаторы Диас Омаров, Бибигүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, редактор Ілия Жақанов, Нұрғали Нүсіпжанов, Намазалы Омашев болды. Одан бөлек Қазақ радиосының құрметті ардагерлеріне мына тұлғаларды жатқыза аламыз:

Мина Сейітова 44 жыл микрофон алдында қызмет етіп, Қазақстан халқына хабар таратты. Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Мұқағали Мақатаев сынды ұлтымыздың марқасқаларына ұстаз болды.

Әнуарбек Байжанбаев – «Қазақстанның Левитаны» атанған диктор, Қазақстанның халық әртісі

Мұқағали Мақатаев та бұл радиоға өз қолтаңбасын қалдырып үлгерген.

2012 жылы 1 қазаннан «Қазақ радиосы» Нұр-Сұлтандағы «Қазмедиа» орталығынан да хабар таратып келеді. Ғасыр үнін жалғап келе жатқан «Қазақ радиосының» радиоарналарының әрқайсысы ерекше. Qazaq radiosy елдің әлеуметтік, құқықтық мәселелеріне ден қойып, сауатына көңіл бөледі. Ал «Шалқар» болса,  ұлттық танымды арттыратын тарих пен пайым-парасаттың өзегіне айналды. Елордалықтарға арналған «Астана» радиосы ақпараттық-музыкалық сипатқа ие. Ал «Classic» ескінің көзі мен жаңашылдықты жалғайтын, эстетикалық талғамды тәрбиелейтін радиоарна болып отыр.

Даламыздың үні, ұлтымыздың тарихы сақталған «Қазақ радиосы» жасай берсін!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button