Жаңалық

Түркияда білім алудың 4 себебі

Бүгінде қазақстандықтардың Түркияда тегін білім алуына барлық жағдай жасалған.  Бұл мемлекеттің жоғары білім беру жүйесі бекітілген стандарттарға толық сәйкес келеді.

Ел аумағында 200-ден астам жоғары оқу орны бар, оның 130-ы мемлекеттік. 9 түрік университеті әлемнің үздік жоғары оқу орындарының рейтингіне кіреді. Оқу жылы Қазақстандағыдай екі семестрге бөлінеді.

Түркияда оқудың негізгі артықшылықтары:

  1. Оқу бағасы қолжетімді. Түркияның көптеген университеті шетелдіктерге түрлі жеңілдіктерді ұсынады. Мысалы, сіз түрік тілінде жоғары білім алсаңыз hәм белсенді студент атансаңыз, гранттар мен стипендияларды ұтып алу мүмкіндігіне ие боласыз. Мемлекеттік жоғары оқу орындарында түрік тілінде оқу жылына 240-750 $, ағылшын тілінде оқу 450-1500 $, жеке жоғары оқу орындарында оқу 1 000 $ басталады.
  1. Сапалы білім. Түркияның барлық жоғары оқу орны қазіргі заманғы еуропалық білім беру стандарттарына сәйкес келеді. Сондай-ақ бұл ел студенттеріне шетелде бағаланатын дипломдарды табыстайды.
  1. Қазақстан мен Түркия мәдениетінің ұқсастығы. Бұл бейімделу процесін жеңілдетіп, студенттердің жергілікті халықпен оңай, тез және тиімді қарым-қатынас жасауына, жаңа таныстар мен іскерлік байланыстар орнатуына септігін тигізеді.
  1. Қазақстаннан келген студенттер үшін құжаттарды қабылдаудың жеңілдетілген процесі. Түркияның біршама ЖОО-ны қазақстандық аттестаттар мен дипломдарды нострификациялауды талап етпейді. Ол құжаттарды тапсыру процесін айтарлықтай жеңілдетеді және тиісінше студенттердің оқуға түсу пайызын арттырады.

Оқу мерзімі:

Түркиядағы оқу бағдарламалары мынадай түрде жалғасады:

1) Бакалавриат мамандыққа байланысты 3-4 жылға созылады;

2) Магистратурада оқу 2 жылды құрайды;

3) PhD докторантура 2 жылдан 4 жылға дейін созылады.

Студенттер жылына екі рет демалысқа шығады.

Түркия қазақстандықтар үшін қандай стипендиялар мен білім гранттарын ұсынады?

 Тürkiye Bursları» бағдарламасы

 «Türkiye Bursları – бұл Түркия үкіметінің бірегей стипендиялық бағдарламасы. Ол шетелдік студенттерге елдегі университеттердің бірінде тегін білім алуға мүмкіндік береді. Бағдарламаның айтарлықтай қиын талабы жоқ. Құжаттарыңызды онлайн түрде өткізіп, өтінішті сайт арқылы толтырасыз. Сондай-ақ талапкерге түрік немесе ағылшын тілін білу міндеттелмейді. Шетелдік студенттер бір жыл бойы тіл жетілдіру курстарына қатыса алады. Ал егер тілді жақсы меңгерген болсаңыз, оқуды бірден бастап кете аласыз.

Грант оқу ақысын, ай сайынғы стипендияны, медициналық сақтандыруды, тегін жатақхана мен екі мезгіл тамақты қамтамыз етеді.

Стипендияға арналған конкурсқа кем дегенде толық орта білімі бар кез келген қазақстандық қатыса алады. Өтінішті 21 жасқа дейінгі (бакалавриатқа түсу үшін) немесе 30 жасқа дейінгі (магистратураға түсу үшін) азаматтар бере алады.

Ай сайынғы төленетін шәкіртақы мөлшері:         

Бакалавр – 700 түрік лирасы (1 түрік лирасы – 47,91 теңге);

Магистратура – 950 түрік лирасы;

Докторантура – 1400 түрік лирасы.

«Мевлана» алмасу бағдарламасы

Түркиядағы білім беру саласындағы басты бағдарламалардың бірі – «Мевлана». Оның басты мақсаты – түрік жоғары оқу орындарының және басқа елдердің жоғары оқу орындарының қызметкерлері мен студенттері арасында академиялық алмасу. Қазақстандықтар кем дегенде 1 семестр (4 ай) тегін оқи алады.

Конкурсқа қатысу үшін бакалавр студенттерінің GPA орташа балы 2,5-4 арасында болуы қажет. Ал магистратура мен докторантураға GPA орташа балы 3-тен асқандар өтініш бере алады. Өтінішті сайт арқылы толтырасыз.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ серіктестерінің стипендиялары

Соңғы жылдары «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ бірқатар беделді түрік университетімен қазақстандық студенттерге қосымша стипендиялар мен гранттар беру туралы келісім жасасты. Мысалы: Сабанжи түрік университеті қазақстандықтарға бакалавриат, магистратура немесе докторантурада оқу құнының 25%, 50%, 75% немесе 100% қамтитын стипендияларды ұсынады.

«Болашақ» бағдарламасы

«Болашақ» бағдарламасы –  Түркияда тегін білім алудың тағы бір мүмкіндігі. Ол шетелдік жетекші университеттердің магистратурасы мен докторантурасында оқуға мүмкіндік сыйлайды. Стипендия байқауына қатысу үшін студент басым мамандықтардың бірін таңдап, қажетті құжаттарды тапсыруы қажет. Ағылшын тілін жетік білу маңызды. Келісім-шартқа сәйкес, түлектер міндетті түрде Қазақстанға оралып, кейбірі үш жыл, енді бірі бес жыл мамандығы бойынша жұмыс істеуі тиіс.

Өкінішке қарай, шетелдік студенттер оқу кезінде мемлекеттік немесе жеке мекемелерде ресми жұмысқа орналаса алмайды. Алайда, түрік университеттері білім алушыларына кафедра мен кітапханаларда жұмыс істеуге немесе кампуста ғылыми қызметпен айналысуға мүмкіндік береді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button