Жаңалық

Жігіттерді жеңген Жібек

Жібек Құлымбетова – 12 жасында джиу-джитсудан екі дүркін әлем чемпионы атанған қазақ қызы.

Ол Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Sagadat Batyr залында жаттығады. Порталымыздың тілшісі талай спортшының жауырынын жер иіскеткен дарын иесімен тілдесіп, сұқбат құрды.

«Спортқа деген бейімімді ең алғаш дене шынықтыру пәнінің мұғалімі байқады. Мен ұзындыққа секіру, жүгіру көрсеткіштері бойынша сынып ішінде бірінші орын алатынмын. Кейін Эльвира апайым жетістіктерімді  анама айтты. Осылайша 9 жасымда джиу-джитсуға жазылдым. Спортпен шұғылдана бастаған соң, мінезім де ашылып, тұйықтығымнан арылдым», – деп әңгімесін бастады кейіпкеріміз.

Бір қызығы, жас спортшы  ер балалар арасында да күш сынасып, байрақты бәсекелерде қарсыластарынан басым түсіп жүр.

«Бірінші рет жаттығу залына барғанымда жалғыз қыз болатынмын. Сол себепті ер балалармен күресуге тура келді.  Шыны керек, ешқандай қорқыныш болмады. Олармен күрескен өте қызық, өйткені олар физикалық тұрғыдан мықтырақ. Ұлдармен бәсекеге түсе отырып, көп тәжірибе жинадым», дейді Жібек.

Отбасында тек Жібек қана спортпен кәсіби түрде шұғылданған.  Бұрын інісі джиу-джитсуға қатысқан екен. Алайда, денсаулығына байланысты спортпен қоштасуға тура келген.

«Спорттағы үлгі тұтар тұлғам – Нұрсұлтан Орынбасаров. Ол кісі маған ерекше қолдау беріп, көп нәрсе үйретті. Ағайымның бапкерлік еңбегінің арқасында «Әлем чемпионы» атандым. Жаттықтырушыма алғысым шексіз.

Спортшы қыркүйек айында 44 кг салмақ дәрежесінде джиу-джитсудан Қазақстан чемпионы атанды.

«Бұйырса қарашада болатын Әлем чемпионатына жолдама алдым. Дайындық қызу. Алла қаласа, Отаныма жеңіспен оралу үшін бар күшімді саламын», дейді жас дарын.

Сұқбат соңында Жібек асқақ арманымен бөлісті.

«Арманым – көк туымызды желбіретіп, бірнеше мәрте чемпион атану. Сондай-ақ Азия ойындарында топ жаруды көздеп отырмын. Бүкіл әлемге қазақ қыздарының мықты екенін дәлелдегім келеді», – деп әңгімесін аяқтады Жібек Құлымбетова.

Отандасымызға сәттілік тілейміз!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button