Жаңалық

Турист күнделігі. Ақтау

Ақтау – қарт Каспийдің жағалауында орналасқан қала. Теңіз маңындағы қала Қазақастандағы ірі туристік мекендердің біріне айналғаны белгілі.

Ақтау – Батыс өңірінің қаласы, Маңғыстау облысының орталығы. Ол Ленинград қаласының үлгісі бойынша 1964 жылы салынған. Украин ақыны Тарас Шевченко атымен Шевченко қаласы боп аталды. 1991 жылы ғана Ақтау боп өзгертілген.

Қалада тек екі көшенің атауы бар: Президент және Тәуелсіздік даңғылы. Қалған аумақтар ықшам аудандарға бөлінген. Бүгінде цифрланған 31 ықшам ауданы бар. Тұрғындар мекенжайды атағанда аудан, үй, пәтер ретімен айтады. Мысалы 13-6-72.

Қалаға қалай жетеміз?

Ақтауға ұшақпен және пойызбен, жеңіл көлікпен жетуге болады.

Ұшақ билетінің орташа бағасы:

Алматы-Ақтау – 35-45 мың теңге;

Нұр-Сұлтан-Ақтау – 25-52 мың теңге;

Атырау-Ақтау – 10-35 мың теңге;

Әуежайдан қалаға келу үшін такси шақыртуға болады. Такси құны шамамен 2500 теңге, автобуспен 500 теңгені құрайды.

Пойыз билетінің орташа бағасы:

Алматы-Маңғыстау – 9 112 теңге (плацкарт), 13 994 теңге (купе)

Астана-Маңғыстау – 10 000 теңге (плацкарт), 21 000 теңге (купе)

Теміржол вокзалы қала орталығынан 13 шақырым жерде орналасқан. Вокзалда такси құны қымбат болғандықтан, тапсырыс беру қызметін қолданған дұрыс: Yandex, Temir Tulpar, Kruiz, STAR.

Қалада қалай арзан жүруге болады?

Қала бойынша автобуспен немесе таксимен жүруге болады. Автобус бағасы 70 теңге, ал такси 400 теңгеден басталады. Сонымен қатар, Ақтауда JET электр скутерлерін жалға алу қызметі жұмыс істейді.

Қайда орналасуға болады?

Қоныстанатын жер Каспий теңізіне жақын болғаны жөн. Өйткені бұл жақта көрініс өте әдемі.

Егер екі адам боп барсаңыз, Miramar Aktau Apart Hotel & SPA таңдағаныңыз абзал. Қонақүйде хамам, джакузи, сауықтыру клубы мен мейрамхана бар. Бір күндік құны – 25 000 теңге

ZhanaOtel (14 500 теңгеден), Renaissance Aktau Hotel (25 000 теңге), Caspian Riviera Aktau (35 000 теңгеден) қонақүйлерін қарастырсаңыз болады.

Қалтасы көтеретін туристер Rixos Water World Aktau-да қалса болады. Курорт Каспий теңізінің жағасында орналасқан. Үш күннің бағасы – 496 000 теңге.

Хостел

Ақтау қаласында хостелдер аз, олардың көпшілігі орталықтан алыс орналасқан. Сондықтан «Ақтау» сауда кешенінің жанындағы Hostel Panorama Aktau-ды ұсынуға болады. Екі және төрт бөлмелі орындар, сонымен қатар ақысыз Wi-Fi бар. Бір күнге 3 300 теңге.

Жалдамалы пәтер

Егер сіз қонақүйлерді ұнатпайтын болсаңыз, Ақтауда орталықтан пәтерді тәулігіне 7000 теңгеден жалға алыңыз. Ал қымбат аудандарда орналасқан пәтерлер күніне 10 000 теңгеден.

Дайындаған: Қырмызы Скендирова

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button