Жаңалық

Турист күнделігі. Қарағанды қаласы

Қарағанды қаласы – еліміздің орталығы. «Шахтерлер астанасы» атанған бұл шаһардың негізі 1931 жылы қаланды. Оның атауы «Қaрaғaны қaлың өскен жер» мaғынaсынaн шыққaн деген дерек бар.

Қалаға қалай жетуге болады?

Қарағандыға бірнеше қаладан тікелей рейспен ұшып келуге болады. Әуежай қала орталығынан 22 км қашықтықта орналасқан. Таксидің орташа құны – 1500-2000 теңге. Назарларыңызға қазан айына арналған авиабилет құнын ұсынамыз.

Алматы – Қарағанды (13 000-16 000 теңге). Ұшу ұзақтығы – 1 сағат 30 минут.

Жезқазған – Қарағанды (10 300 теңге). Ұшу ұзақтығы – 1 сағат.

Егер сіз Семей, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан болсаңыз, аталған шаһарға 1 ауысып отыру арқылы жете аласыз. Билет құны авиакомпаниялар мен ұшу күндеріне байланысты өзгеруі мүмкін. Сол себепті оны ертерек алып алған жөн.

Пойыз билетінің орташа құны:

Алматы – Қарағанды: плацкарт –  4 200 теңге, купе – 6 500 теңге. Жол жүру ұзақтығы – 17 сағат 54 минут.

Нұр-Сұлтан – Қарағанды: плацкарт – 1 700 теңге, купе – 2 400 теңге. Жол жүру ұзақтығы – 4 сағат 52 минут.

Петропавл – Қарағанды: плацкарт – 3 100 теңге, купе – 4 700 теңге. Жол жүру ұзақтығы – 12 сағат 29 минут.

Қызылорда – Қарағанды: плацкарт – 6 600 теңге, купе – 10 000 теңге. Жол жүру ұзақтығы – 1 күн 5 сағат 50 минут.

Қайда тұрақтауға болады?

«Cosmonaut» – шаһардағы ең танымал төрт жұлдызды отелдердің бірі. Орталықтан 3,6 км қашықтықта орналасқан. Жабық жүзу бассейні мен заманауи фитнес орталығы бар. Нөмір бағасы 49 000 теңгеден басталады.

«Ak Samal» отелі орталықтан 5 км қашықтықта орналасқан. Бір күнге тұрақтау бағасы 10 000 теңгеден жоғары.

«Чайка» – Қарағандыда 1935 жылы ашылған алғашқы қонақ үйлердің бірі. Нөмір бағасы 14 000 теңгеден басталады.

Қаланың көрікті жерлері:

«Шахтерлер даңқы» монументі – шаһардың символы. Ол 1974 жылы Қарағанды көмір алабының 2 миллион тонна көмірді өндіру құрметіне байланысты бой көтерді. Жалпы биіктігі – 11 метр. Мүсін қоладан құйылған.

«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау» мұражайы Қарағандыдан 50 шақырым жердегі Долинка ауылында орналасқан. Екі қабатты ескі ғимаратты 1933-35 жылдары тұтқындар салған еді. Аумағы 3326 шаршы метр. Мұражайда 13 экспозициялық зал бар.  Онда ҚарЛагтың құрылуынан бастап егемен Қазақстанның қазіргі тарихына дейінгі кезең қамтылған.

Орталық мәдениет және демалыс саябағының аумағы – 139,2 гектар. Саябақта 51 демалыс нысаны мен 5 ойын алаңы бар.

Әйгілі фразаға арналған ескерткіш. Қарағанды қаласында «Где-Где? В Караганде!» фразасына ескерткіш орнатылған. Ол 2011 жылы ашылды. Мүсіншілердің бұл туындысы Гиннестің рекордтар кітабына фразаға арналған алғашқы ескерткіш ретінде енгізілген болатын.

Қарағанды облысындағы киелі нысандар:

  1. Бектау ата тауы;
  2. Алаша хан кесенесі;
  3. Жошы хан кесенесі;
  4. Бұқар жырау кесенесі;
  5. Құнанбай қажы мешіті.

Басқа материалдар

Back to top button