Жаңалық

«Астана Операда» атақты балетмейстерлердің шеберлік сабақтары өтеді

«Астана Опера» жетекші қазақстандық балет труппасы әйгілі шетелдік балетмейстер-ұстаздардың бірқатар шеберлік сабақтарына қатысады.

Оқу-жаттығудың бірінші бөлігін 18-30 қазан аралығында керемет француз балеринасы Шанталь Лефевр өткізуде. Келер жылдың басында балет ұстаздары Линц Чанг пен Янник Бокуин қазақстандық әртістерге арнайы әзірлеген өздерінің бірегей бағдарламаларын ұсынады.

«Шеберлік сабақтарында үнемі әртістермен өзімнің көпжылдық тәжірибемді бөлісемін. Қазақстандық бишілер бар ынта-жігерімен дайындалып, алға қойған тапсырмаларды қуана орындайды. Бимен айналысқан саналы ғұмырымда керемет ұстаздар – Труман Финни (АҚШ) және Ирина Якобсонмен (Ресей) жұмыс істедім, олардың маған бойыма сіңірген дүниелерін өзімнен кейінгі жастарға үйреткім келеді. Балет класы әрбір әртіс үшін аса маңызды, бұл – сахналық би негізі. «Үрейге бой алдырмаңдар, техниканы еске түсіріңдер» деп үнемі әртістерге айтып отырамын. Балет мектептері қадам қарқынымен, қимыл-қозғалыстарымен әрі әуенділігімен ерекшеленеді. Бұл жерде Алтынай Асылмұратованың түрлі хореографтардың қойылымдарын қолдануы әртістерге сан алуан бағытта дамуына мүмкіндік берері сөзсіз. Мен үшін аяқ техникасы маңызды, себебі балет, ең алдымен, жүріс, бірақ соның басқа бір түрі, және классикалық биде әуенсіз күйде болуға жол берілмейді, бұл өте маңызды. Әртістерге әрдайым айтарым: «өз істеріңізді шын сүйіңіздер, сол сүйіпеншілік – бәрінің бастауы», – дейді Шанталь Лефевр.

Шанталь Лефевр балеринаның керемет мансап жолын қалыптастырды, кейін Гамбург балет мектебінде классикалық бидің түрлі техника деңгейлерінен дәріс берді, ол 10 жыл Вена мемлекеттік опера және балет театрында балетмейстер және ұстаз болып қызмет етті. Оны тұрақты түрде Шанхай балет труппасына шеберлік сабақтарын өткізу үшін шақырып тұрады, ол ұстаз ретінде миландық Ла Скала театры, Рейндегі балет (Дюссельдорф, Германия), Ыстамбұл университетінің ірі Мемлекеттік консерваториясымен, сонымен бірге басқа да шетелдік компаниялармен ынтымақтастық орнатқан.

«Барша труппа үшін аталмыш шеберлік сабағы – батыстық тәлімгер ұстаз Шанталь Лефеврмен жұмыс істеудің керемет тәжірибесі. Өзіме келсек, үш ай бойы Бордо театрында (Франция) алған сабақтарым ойыма оралып отыр, онда француз биінен де тәлім алған едім. Бұл – қозғалыстардың кішігірім бөліктерін жаттықтыруды сипаттайтын мүлдем басқа техника, табан қимылының басқа бір бағыты. Шанталь Лефевр – ашық-жарқын керемет педагог. Біз бар күшімізді салудамыз, себебі осы арқылы біз өзіміздің мектебімізді танытамыз, ұстаздарымызды жерге қаратпай, олардың еңбегін көрсетуге тырысудамыз. Шанталь Лефевр әртістерге өзінің жекелеген ескертулерін де жасайды, бұл өте маңызды, себебі шебер қай жерде және нені жақсырақ жасау керектігін көріп, байқайды», – дейді жетекші солист Мәдина Басбаева.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button