Жаңалық

Шетелдегі қазақ тілді БАҚ ассоциациясы құрылды

Шетелдегі қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының басын біріктірген ассоциация құрылды.

Қазақ тілін дәріптеп, қандастарымызға ана тілінде ақпарат алуына мүмкіндік жасау және қазақ тілді БАҚ-тың аясын кеңейту мақсатында «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жанынан құрылған ассоциацияның төрағасы қызметіне Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп тағайындалды.

«Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қандастар мәселесін үнемі көтеріп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та шетелдегі қандастарды Отанға қайтаруға қатысты бірқатар тапсырманы жүктеді. Осы бағытта біздің қордың да өз міндет- мақсаты бар. Біз еліміздің Сыртқы істер, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Біздегі мәлімет бойынша, әлем елдерінде 88 қазақтілді БАҚ жұмыс істеп жатыр. Ассоциацияны құрудың арқасында сырттағы бауырларымыз елде болып жатқан жаңалықтардан тікелей хабардар болып отырады. Яғни Қазақстандағы хабарларды шетелге жеткізіп, тиісінше шетелдегі қандастардың тыныс-тіршілігін қазақстандықтарға таныстырамыз. Барлық шетелде шығатын қазақ тілді ақпарат құралдарының ортақ алаңын қалыптастру жұмысы аясында сайт ашу және жас мамандарды,  дайындау және басқа да ұсыныстар берілді. Осы мәселелер бойынша жұмыс жүргізіледі. Сондай-ақ шетелдегі қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының үздік материалдары енген жинақ шығару, қазақ тілді жас журналистер арасында конкурстар өткізу, отандық бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы байқауға шетелдегі қазақ тілді басылымдар мен журналистерді қатыстыру жұмыстары қолға алынады. Жылына бір рет ассоциация өкілдерінің басқосуын ұйымдастыру да жоспарда бар», деді КЕАҚ вице-президенті Мағауия Сарбасов.

Қатысты орган өкілдері, отандық және шетелдегі қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен журналистері қатысқан жиында «Шетелдегі қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдары ассоциациясының» ережесі таныстырылып, бекітілді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button