Жаңалық

Докторантураға түсу үшін қандай құжаттар керек?

1 қараша күні докторантураға түсу үшін екінші емтиханға құжаттарды қабылдау басталып, 2021 жылдың 15 қарашасына дейін жалғасады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов магистратура мен докторантураға оқуға түсу бойынша өзгерістер енгізілгені туралы жазған болатын. Енді құжаттарды қабылдау жылына екі рет жүргізіледі. Конкурсқа жазда грантқа түсе алмаған үміткерлер де, бұрын-соңды түсу емтиханын тапсыра алмағандар да қатыса алады.

Биыл докторантураға түсу ережелеріне өзгерістер енгізілген болатын. Енді докторантураға қабылдау «1 оқуға түсуші – 1 компьютер – 1 камера» қағидаты бойынша өңірлік тестілеу орталықтарында электрондық форматта өтетін түсу емтиханының нәтижелері бойынша жүзеге асырылады. Шара емтихан тапсыру кезінде ашықтықты және транспаренттілікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Қабылдау емтиханы эссе жазу, докторантурада оқуға дайындық тестілеуі және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихандардан тұрады.

Екінші түсу емтиханына қатысуға тіркелу ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz (http://app.testcenter.kz/) сайтында жүргізіледі.

Қабылдау емтиханы 2021 жылдың 18 қарашасынан 11 желтоқсанына дейін өтеді. Айта кетейік, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде оқуға түсу үшін өту балы 75 балды құрайды. Докторантураға оқуға қабылдау 2021 жылғы 26 желтоқсан мен 10 қаңтар аралығында өтеді.

Докторантураға түсу үшін қажетті құжаттар тізімі:

1) білімі туралы құжат (түпнұсқа, құжаттарды қабылдау комиссиясына тапсырған кезде);

2) жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін талап етіледі);

3) шет тілін меңгергенін растайтын сертификат:

ағылшын тілі: IELTS Academic (International English Language Testing System Academic) шекті балл – кемінде 5,5;

TOEFL IBT (test of English as a Foreign Language Internet-based test) шекті балл – кемінде 46;

TOEFL PBT (test of English as a Foreign Language Paper-based test) шекті балл – кемінде 453;

неміс тілі: Deutsche Sprachpruеfung fuеr den Hochschulzugang (DSH, Niveauv2/B2 деңгейі), TestDaF-Prufung (Niveau B2/B2 деңгейі);

француз тілі: TFI (test de Franzais International™️) – оқу және тыңдау секциялары бойынша В2 деңгейінен төмен емес, DELF (Diplome d ‘ Etudes en Langue franzaise) – B2 деңгейі, DALF (Diplome Approfondi de langue franzaise) – В2 деңгейі, TCF (test de connaissance du franzais) – кемінде 50 балл;

4) 075/у нысанындағы медициналық анықтама;

5) 3×4 көлеміндегі алты фотосурет;

6) кадрларды есепке алу жөніндегі жеке іс парағы немесе жұмыс орны бойынша кадр қызметі куәландырған еңбек қызметін растайтын өзге де құжат;

7) соңғы күнтізбелік 3 жылдағы ғылыми және ғылыми-әдістемелік жұмыстардың тізімі (ғылыми жарияланымдар, зерттеулер жүргізу жоспары, эссе және басқа құжаттар).

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button