Жаңалық

Kitapqap кітапқұмарларлыққа бастайды

«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту бағыты бойынша халықтың кітап оқу белсенділігін арттыруға арналған «Оқитын ұлт» жобасы жүзеге асырылмақ.

Әлемде ең көп кітап оқитын ел Жапония екенін көпшілігіміз білеміз. Көбінесе көрген-білгеніміз көгілдір экраннан ары аспайтын бүгінгі заманда бойымызға күншығыс елінің тамаша қасиеті осы «Оқитын ұлт» жобасы арқылы қалыптасып жатса, әрине, қуанар едік. Бүгінгі «Қазақстанда жасалған» айдарының кейіпкері соған аз да болса үлес қосуды мақсат еткен азамат.

Жапонияда оқып, былтырдан бері елге оралған Сәулет Бақыткелдінің шығарып жатқан өнімі әрбірімізді кітап оқуға еріксіз итермелейтіндей көрінді. Өйткені қарапайым ғана kitapqap бастаған кітабыңызды қайда жүрсеңіз де жаныңыздан тастамай алып жүріп, оқуыңызға мүмкіндік береді.

«Жапонияда оқып жүргенімде олардың көп кітап оқитынын көріп, біздің елде де сондай болса ғой деген ойда болдым. Кейін Қазақстанға келген соң өндіріс жағын қолға алып, ең алдымен осы кітапқаптарды шығара бастадым. Бұл Қазақстан нарығында бұрын-соңды болмаған зат болғандықтан жастардың талабына сай жасап шықтық. Ең әуелгі мақсатымыз осы арқылы жастардың арасында кітап оқуды насихаттау, үздіксіз білім алуына аз да болса септігімізді тигізу болды. Екіншіден, мейлі ол үлкен не кішкентай өнім болсын, мүмкіндігінше Қазақстанда жасалғанын қалаймын. Бұл ұлттық экономиканың өсуіне тамшыдай болса да қосылатын үлес деп есептеймін. Себебі ұлттық экономиканың артында ұлттық мүдде жатыр», – дейді кейіпкеріміз.

Кішігірім цехта кітапқаппен бірге maskaqap та өндіріледі екен. «Бүгінде біз Алматы қаласы бойынша 10-нан астам дүкенмен келісімшарт жасасып, өнімдерімізді базарға салдық. Өзіміздің Olja_Peak атты интернет дүкеніміз бар. Әзірге цехта 4 адам жұмыс істейді. Кітапқаппен бірге маскақаптарды да шығарамыз. Бұйыртса, алдағы уақытта жастарға арналған сөмкелер мен киім-кешектерді де өндірсек деп отырмыз. Сөмкелердің алды жақында шықты», – дейді жас кәсіпкер.

Көп жағдайда мұндай ұсақ өндіріспен айналысуға кез келген кәсіпкердің тәуекелділігі жете бермейтіні рас. Токио шетел тілі университетінде білім алып, бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі оқуын жалғастыра жүріп кәсіппен айналысып жатқан Сәулеттің алдағы мақсаты айқын, сенімі берік екенін байқадық.

«Меніңше табысқа жету өнімнің ірі, ұсақтығына байланысты емес. Оның адамдардың мәселесін қаншалықты шеше алғанына, сол жолда біз тынбай тер төгіп, ерінбей еңбек еткенімізге байланысты. Себебі, біз бір кішкентай затты бүкіл Қазақстанның барлық жерінде сата алатын болсақ, ол бізге үлкен табыс алып келетіні сөзсіз. Ең қарапайым мысал ретінде айта кетейін, Ресейде сіріңке шығаратын компания бар, олардың сіріңкесінің  кішкентай бір қорабы 10 теңге тұрады, олар соны бүкіл ТМД елдеріне сату арқылы қаншама пайда тауып отыр», – дейді ол.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button