Жаңалық

Ұлттық жоба оқу орындарының басшылары мен оқытушыларына таныстырылды

Білім және ғылым министрлігі, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өкілдерінің қатысуымен «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының бағыттары және іске асыру тетіктерін түсіндіруге арналған вебинар өтті. «Ұлттық рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған вебинарға облыстардағы, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы мектептерінің директорлары, тәрбие жұмысы жөніндегі директордың орынбасарлары қатысты.

Спикерлер қатысушыларға ұлттық жобаның үш бағыты бойынша баяндама жасап, 5 жылға арналған жұмыс жоспарын таныстырды. Вебинарды басқарып, жүргізген «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты Бағдарлама жобалары басқармасының жоба менеджері Рүстем Қанапиянов институт тарапынан жүзеге асып жатқан жобалар мен ұлттық жоба бойынша қолға алынған жұмыстарды таныстырды. Атап айтқанда, «Ұлттық тәрбие» идеологиялық платформасын іске асыру бойынша отбасы құндылықтарымен үйлесімді қарым-қатынасты насихаттауға бағытталған 10 арнайы бейне-дәріс әзірленген. Рүстем Жанболатұлы Youtube арнасына жүктелген осы сабақтарды оқу орындарының әдістемелік құрал ретінде пайдалануына ұсынды. Сондай-ақ, ол жақында Ruh.kz сайтында «Ұлттық тәрбие» айдары ашылып, оқырманға жол тартатынын жеткізді.

«Ұлттық жобаның бірінші бағыты екі негізгі міндетті көздейді – ұлттық құндылықтарды ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту. «Ел рухы» деп аталатын екінші бағыт ел ішінде мәдени қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, отандық мәдениетті елден тыс жерлерде танымал ету сияқты екі міндеттен тұрады. Ал, үшінші бағыт «Тәуелсіздік ұрпақтары»  деп аталып, жастардың кәсіби өсуін, рухани және қоғамдық жетілуін көздейді», – деді ол.

Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті Тіл саясатын талдау және мониторинг басқармасының бас сарапшысы Талғат Жакенов ұлттық жобадағы мемлекеттік тілді дамыту міндеті бойынша жүзеге асырылатын жұмыстарға тоқталды. «Жоба аясында орта білім беру ұйымдарындағы қазақ тілі, қазақ әдебиеті пәндерінің оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізіледі. Қазақ тілінде IT өнімдер әзірленіп, youtube каналдар мен танымал анимациялық фильмдерге дубляж жасалады», – деді Талғат Жұмабекұлы.

Оның айтуынша, бүгінде осы бағытта 11 IT жоба жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта қазақ тілінің заңдылықтарын тексеруге арналған «Qazgramm» көпфункционалды бағдарламалық кешені әзірленбек. Бұған қоса, дауысты мәтіндік редакторға автоматты түрде енгізетін қосымша жасалады.

«Колледж студенттерінің 60%-ы қазақ тілінде оқитынына қарамастан қазақ тіліндегі оқулықтар мен әдебиеттердің үлесі 30%-ды ғана құрайды. 2025 жылға дейін қазақ тілінде колледжерге арналған 750 оқулықты шығаратын боламыз. Яғни жыл сайын 180 оқулық шығарылады. Ол сайттарға орналастырылып, мемлекеттік колледжерге тегін таратылады. Жоғары оқу орындарындағы қазақ тіліндегі кітаптардың жетіспеушілігін шешу үшін 4 жылда 80 оқулық әзірленеді. Ал латын әліпбиі емле ережесі бекітілгеннен кейін 2023 жылы латын графикасын қолданатындардың үлесін 20%-ға, 2024 жылы 30%-ға, 2025 жылы 50%-ға жеткізу жоспарланған. Мектептердегі тәрбие жұмысы да осы ұлттық жоба аясында жалғасатын болады. «Оқуға құштар» мектеп жобасы жанданады. Соған сай мектеп кітапханаларының қоры жаңартылып, толықтырылып жатыр», – деді министрлік өкілі.

«Ел Рухы» бағыты бойынша таныстырылымды жалғастырған Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Өндіріс қызметі бөлімінің басшысы Арууана Серікбаева бұл бағыттың 5 нақты көрсеткіш пен 13 іс-шарадан тұратынына тоқталды. Ол мәдениет саласында көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру және отандық мәдени өнімді насихаттау жөнінде: «Отандық анимациялық контентті шығаратын сервистік компания ретінде «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылады және жоба аясында арнайы студия жасақталып, жыл сайын кемінде 5-6 анимациялық жоба даярлау жоспарланып отыр», – деді.

Сондай-ақ, Арууана Асылханқызы қазақстандық Вazelevs компаниясы мен Өзбекстан аниматорлары бірігіп Орталық Азия халықтарының фольклорына ортақ «Қожанасыр» туралы анимациялық фильм әзірлеуге келісімшарт жасағалғанын да жеткізді.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Заманауи зерттеулер институтының» директоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаров отандық кино және театр жөніндегі өз пікірі мен ұсынысын білдірді. «Отандық кино тарихы әлі де дұрыс зерттеліп, ашылмаған тақырыптардың бірі. 1926 жылдан бастап кино тарихының цифрлы базасы дайындалуы күнтәртібіндегі өзекті мәселе», –  деді ол.

«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының келесі «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағыты бойынша сөз алған Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Баймульдинов жастар үшін жаңа мүмкіндіктердің қарастырылатынын айтты. Атап айтқанда, жастарды тұрғын үймен қамту үшін олардың бірыңғай зейнетақы төлемдерін пайдалануына жаңа мүмкіндіктердің және жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың енгізілетінін, тұрғын үй құрылысы бағдарламаларына жас отбасылар үшін квота бөлінетінін айтты.

Жиынға қатысқан барлық мамандар ұлттық жобаның тұтастай қоғамдық сананы жаңғыртумен қатар мемлекетіміздің әлеуметтік саясаты мен халықтың әл-ауқатына оң әсер бере алатын әлеуеті бар екенін атады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button