Жаңалық

Тоқтау қашан айтылады?

ТОҚТАУ АЙТУ 

Адамның қазасына байланысты әртүрлі салттар баршылық. Қазақтар әдетте «Тас түскен жеріне ауыр» деп айтады. Дегенмен, қайғы жамылған жанұяның қайғы-қасіретін өзінікіндей жақын сезінетіні рас. Бұндайда барлық туған-туысқан, таныстар мен достар сол үйдің адамдарын мүмкіндігінше рухани қолдап, демеушілік көрсетеді.

Қазақта «Тірі адам тіршілігін жасайды» деген сөз бар.  Марқұмның жетісі мен қырқын өткізген соң, барлық туыстар, достар марқұмның жанұясының қайғысын жеңілдету мақсатында оларды қонаққа шақыратын болған. Мал сойғанда сыбаға берген. Бұл «қара сыбаға» деп аталған.

Әдетте, қайтыс болған адамның жақындары қатты қайғырып, ұзақ уақыт өз-өзіне келе алмайтын кездері де болады. Бұндай жағдай орын алғанда олардың туысқандарының үлкендері, ауыл-аймақтың беделді ақсақалдары немесе белгілі, атақты кісілер келіп, тоқтау айтатын болған.

Қайғыра беруді қою керек екенін, енді болған іске бекем болып, қайғыра беруді қою керек екенін ескерткен. Себебі қазақтар қайғыға берілеген адамның жүйкесі тозып, түрлі ауруға шалдығуы мүмкін екенін жақсы түсінген. Әдетте тоқтау өлеңмен айтылған.

Жоқтау мен Тоқтау

Адам қайтыс болғанда әйелдер жоқтау айтады. Атақты ғалым Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным жұбайы Уәли хан қайтыс болған соң бір жыл бойы жоқтапты. Күніге жоқтау айту үшін ордадағы қыз-келіншектерді жинаған. Олар бірігіп, күніне үш рет  таңертең, түсте, кешке жоқтау айтады екен. Олардың зарын естіп басқалар да жылайды екен.

Осы жағдайдан хабардар болған Байдалы шешен ханның ордасына келеді. Ханымның жоқтау айтуға ыңғайланғанын байқаған шешен «Сен жоқтау айтқалы отырсың, мен тоқтау айтқалы отырмын» дей келе былай депті:

– Қайрат деген қыран бар,

Қайғыға тізгін бермейтін.

Қайғы деген жылан бар,

Өзекті шағып өртейтін.

Үміт, сенім тілек бар,

Қуантып, қуат алдырар.

Жылау деген азап бар,

Қуартып отқа алдырар.

Мен қайғыңды қозғағалы келгем жоқ,

Қайратыңды қолдағалы келдім.

Шешеннің шын көңіліне риза болған Айғаным ханша бірнеше күн құрмет көрсетіп, аттанарда ханның қамқа тонын кигізіп, Көксырғанақ деген жорғасын мінгізіп аттандырыпты.

​Тоқтау айту салты әлі күнге дейін бар.

Бердалы ОСПАН

Басқа материалдар

Back to top button