Жаңалық

BAQ liga-ның екінші маусымы басталды

Қарашаның 13-і күні елордада волейболдан БАҚ өкілдері арасындағы BAQ liga-ның екінші маусымы басталды.

ҚР Спорт және туризм индустриясын қолдау қорының 10 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылатын біріншілік әр сенбі және жексенбі сайын өтіп, желтоқсанның 18-күні мәресіне жетеді. Ойындардың барлығы Нұр-Сұлтан қаласының №5 Дене шынықтыру және сауықтыру кешенінде өтеді.

Айта кетейік, байрағын 2016 жылдың 10 желтоқсанында желбіреткен BAQ liga – Қазақстан БАҚ өкілдерінің басын біріктіріп, редакциялар арасында көпір орнатып, әріптестік татулықты арттыруға бағытталған жоба. Бүгінге дейін BAQ liga Қазақстан Масс-медиасы арасында футбол додаларын өткізіп келді. Осы уақытқа дейін БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан 9 маусым өтіп, оған еліміздің 40-қа жуық Бұқаралық ақпарат құралдары редакцияларынан 700 шамасында журналист қатысты. BAQ liga брендімен БАҚ өкілдері арасындағы шағын футбол біріншіліктері елордамыздан бөлек, Алматы, Талдықорған және Ақтау сынды қалаларда да ұйымдастырылды. Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы BAQ liga шағын футбол біріншілігіне апта сайын Алматы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Қызылорда, Тараз, Шымкент қалаларының да журналистері келіп қатысады. Бұл Лиганың қарқынды дамып жатқанын және журналистер қауымы арасында маңызы артқандығының белгісі.

Ал волейболдан BAQ liga-ның бірінші маусымына 8 команда қатысып, тартысты өткен финалдық кездесуде «Хабар» командасын 2:1 есебімен жеңген «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігі чемпион атанған болатын. Енді екінші маусымға еліміздің БАҚ өкілдерінен құралған 12 команда қатыспақ. Олар «Қазақпарат» агенттігі, «Хабар» телеарнасы, Qazaq radiolary, «Qazaqstan-Qazsport» командасы, «7 арна» телеарнасы, «Қазмедиа» орталығы, «Atameken business» телеарнасы, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Еуразия+ОРТ» телеарнасы, «Егемен Қазақстан» газеті, «Комментаторлар» құрамасы және «Media volleyball club» құрамасы.

Регламент бойынша, ойын кезінде әр команда сапында бір редакцияның кем дегенде екі қызметкері, екі әйел журналист және 40-тан асқан бір тілші алаңда ойнауы керек.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button