Жаңалық Редакция таңдауы

Ғалымдарға 6 млн теңгеден сыйақы берілмек

Қазақстанның 50 үздік ғалымы 6 миллион теңгеден алады. Ақшалай сыйақылар «Үздік ғылыми қызметкер» республикалық байқауының қорытындысы бойынша берілетін болады.

Бұл ғалымдарды қолдауға бағытталған алғашқы ауқымды сыйақы. Өтінімдерді қабылдау 15 қараша күні басталды.

Конкурстың мақсаты – отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің еңбегін көтермелеу.

«Қазіргі таңда отандық ғылым саласында дамудың жаңа сапалы кезеңі байқалады. Ғалымдарымыздың әзірлемелері әлемдік нарыққа шығуда. Жақында ғана біз 14 қазақстандық ғылыми әзірлеменің Қытай, Ресей, Түркия, Грузия, Чехия және Қырғызстанға экспортқа шығарылатыны туралы мәлімдеген едік. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша министрлік ғалымдар мен ғылыми ұйымдардың, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлерін жан-жақты қолдау мәселелеріне назар аударады. Қазақстандық ғалымдарды ынталандыру және ғылыми қызметтің беделін арттыру бойынша шаралар әзірленіп, іске асырылып жатыр. Биыл министрлік алғаш рет еліміздің үздік ғалымдарына 50 сыйақы бермек. Олардың әрқайсысы шамамен 6 миллион теңгеден алатын болады. Ғылыми жетістіктерді бағалау бойынша барлық критерий ғылыми және сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп, әзірленді. Байқау комиссиясының құрамына еліміздің түрлі бағытта қызмет ететін жетекші ғалымдары мен ғылыми қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кірді», – деді ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева.

Конкурсқа қатысуға өтінімдер министрліктің https://universitycontest.iac.kz/bestresearcher/ ақпараттық жүйесі арқылы электрондық форматта 15 желтоқсанға дейін қабылданады. Үміткерлердің ғылыми жетістіктері, ғылыми дәрежесі, ғылыми атағы, ғылыми жарияланымдары мен монографияларының болуы, ғылыми жобалар мен бағдарламаларға басшылық жасау сияқты критерийлер бойынша бағаланады. Бұл ретте үміткер соңғы жылы университетте кемінде бір пәнді жүргізіп, сондай-ақ соңғы 3 жылда PhD философия докторы ғылыми дәрежесі бар кадрларды даярлауы және ғылым мәселелері жөніндегі консультациялық органдардың жұмысына қатысуы міндетті. Сонымен бірге байқауға қатысушы ғылыми әзірлемелерінің өндіріске енгізілуі бойынша нәтижелерін ұсынуы қажет.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button