Жаңалық Редакция таңдауы

Турист күнделігі. Түркістан

Түркістан – «Түркі әлемінің рухани астанасы» атанған қала. Ол Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан.

Түркі халықтары арасында қаланың ерекше орны бар. Мәдени орындары ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген. Туристерді таңқалдыратын сәулет құрылыстары мен мұражайлар бар.

Қалаға қалай жетеміз?

Ұшақпен:

Алматы-Түркістан – 10 000 теңге

Нұр-Сұлтан-Түркістан – 15 000 теңге

Пойызбен:

Алматы-Түркістан – 5000 теңге (плацкарт), 7000 теңге (купе)

Нұр-Сұлтан-Түркістан – 7000 теңге (плацкарт), 11 000 теңге (купе)

Сонымен қатар Алматыдан автобус және такси арқылы жетуіңізге болады. Билеттің орташа құны – 7000-8000 теңгені құрайды.

Тұрғын үй мен тамақтану:

Қалаға барсаңыз, «Kun hotel», «Hampton by Hilton hotel», «Eurasia hotel», «Khanaka hotel», «Edem hotel» қонақ үйлерінде тұрақтай аласыз. Аталған қонақ үйлер ыңғайлы және қала орталығында орналасқан.

Түркістан қаласының асханасына көбісі сүйсіне қарайды. Қала тұрғындарының сүйікті түрік кафесі «Анталияға» баруға кеңес береміз. Шығыс асханасының мәзірімен таныс бола аласыз.

Тұрғындардың көп баратын дәмханаларының бірі – «Шафран», бұл жерде шығыс, еуропа асханасының мәзірі қамтылған.

Көрнекі жерлері:

Түркістан қаласының әсем көрнекі жерлері мен тарихи мұралары бір аймақта орналасқан. Барлығын кезекпе-кезек жаяу аралап шыға аласыз.

Түркістанға келген жұрт ең алдымен Қожа Ахмет Йасауи кесенесін тамашалауға барады. Орталық Азияның халықтары үшін бұл – қасиетті орындардың бірі.

Қожа Ахмет Йасауи кесенесі – қазақтың көптеген ұлы хандары, батырлары мен билері жатқан қазақ халқының пантеоны. Мұнда Тәуке хан, Жәнібек хан, Қазыбек би, Абылай хан жерленген. Билет құны – 150-500 теңге арасын құрайды, студенттер мен зейнеткерлерге жеңілдік қарастырылған.

Этноауыл – Түркістандағы ерекше орындардың бірі. Мұнда қазақ халқының салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, мәдениетімен жақыннан танысуға болады. Этноауыл гүлзарлармен және көгалдармен безендірілген.

Қаладағы танымал орындардың бірі – «Керуен сарай» кешені. Кешенде Жібек жолы дәуіріндегі саудагерлер мен қолөнершілер көшесі, «Ұшатын театр», ат спорты шоуына арналған амфитеатр, шығыс базары, сауда орталықтары мен бутиктер, қонақүйлер мен мейрамханалар, СПА және фитнес-орталық, кинотеатр, отбасылық ойын-сауық орталығы бар.

«Ұлы Дала» көрме орталығы. Ұлттық киімдер мен зергерлік бұйымдардың экспозициялары, тарихи және археологиялық олжаларын осы орталықтан көре аласыз. Онда жұмыс істейтін гидтер сізге бәрін егжей-тегжейлі түсіндіреді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button