Мақала Редакция таңдауы

Турист күнделігі. Жезқазған қаласы

Жезқазған қаласы – Қазақстанның орталығында орналасқан қала. Қарағанды облысына қарайды. Мыс пен жездің Отанына айналған өлкенің өзіндік қызықтары көп.

1939 жылы Кеңгір жұмысшы ауылы ретінде іргесі қаланып, 1941 жылы Үлкен Жезқазған болып аталды. Қала атауы металлдың көп болуына байланысты «Жезді қазған» сөзінен шықты. 1954 жылы 20 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Үлкен Жезқазған жұмысшы ауылы қала мәртебесін алды. Одан соң облыс ретінде саналды. 1997 жылы облыс таратылып, Жезқазған Қарағанды ​​облысының құрамына енді.

Қазіргі таңда Жезқазған халқының саны 87 мыңға жуық. Жезқазған – үлкен қаланың шуынан шаршаған, жай ғана демалғысы келетіндер үшін тамаша орын.

Климаты жартылай шөлді (өткір континенттік), құрғақ. Бұл аймақ шаңды дауылға бейім. Қысы суық, жазы ыстық әрі құрғақ. Көктем қысқа, ал күзі ұзақ.

Қалай жетеміз?

Пойызбен: Алматы-Жезқазған – 5000 теңге (плацкарт), 8000 теңге (купе). Бір тәуліктей жол жүреді.

Нұр-Сұлтан-Жезқазған – 4000 теңге (плацкарт), 6000 теңге (купе). Шамамен 15 сағат жүреді.

Ұшақпен: Алматы-Жезқазған – шамамен 28 000 теңге.

Нұр-Сұлтан-Жезқазған 20 000 теңге.

Көрікті жерлері:

«Байқоңыр» ғарыш айлағы Жезқазған қаласының маңында  орналасқан. Сондықтан ғарышкерлерді әдетте Жезқазғанға апарып, жергілікті әуежайдан жіберетін. Дәстүр бойынша, бұрын ғарыштан келгендер Ғарышкерлер бульварында тамақтанатын, сондықтан ол осылай аталып кеткен. Некрасов көшесіндегі үйдің соңындағы «Космос» стеласы мен Юрий Гагарин бейнеленген панно осы дәстүрді еске салады.

Жезқазған облыстық тарихи-өлкетану мұражайы 1978 жылы 10 мамырда ашылды. Мұражай құрылымында 4 бөлім бар: тарих және археология, экспозициялар, экскурсиялар және қорлар. 20 мыңнан астам археологиялық және этнографиялық жәдігерлер, түпнұсқа заттар мен құжаттар бар.

С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры. Бұл театр үздік театрлардың қатарына кіреді. «Қозы Көрпеш – Баян-сұлу», «Абай», «Қайта қалпына келтірілген күмбездер» спектакльдері республиканың алтын қорына енді.

Алғашқы құрылысшылар алаңы. Алаңда қаланың алғашқы құрылысшыларының ерен еңбегіне арналған ескерткіш-обелиск орнатылған. Сондай-ақ мұнда ерекше би фонтанын көре аласыз.

Қырмызы Скендирова

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button