ЖаңалықМақалаРедакция таңдауы

Тұлға. Өкініш.

Адам баласы өмірдің қызығына қуанып жүргенді қалайды. Бірақ ғұмырымыздың тек қана қуаныш пен той-томалақтан тұрмайтыны белгілі. Ruh.kz порталы назарларыңызға ұлтымыздың ұлы тұлғаларының өкініштерін ұсынады.

«Айқын» газетінде Базарбек Атығайұлы және Нұрлан Атығайұлы Абылай ханмен бірге қазақ жерін қорғау мақсатында көптеген жорықта бірге болған атақты Бөгембай батыр туралы қызықты деректер жариялады. Батыр көзі жұмыларда Үмбетей жырау арқылы ханмен үш қайта қоштасыпты. Кезінде көптеген шайқаста сарбаздардың алдында болған батыр әл үстінде жатып, Абылай ханды көргісі келгенін өлеңмен былай деп жеткізеді:

«Иманын айтып өлерде,

Иекке жаны келгенде,

Сәлем айтты үш қайта,

Кеттім деп сізді көре алмай…»

Өмірі жорық үстінде өткен Бөгембай дүние саларында ханымызды көре алмай кеттім-ау деп өкінішін осылайша білдіріпті.

Қазақтың біртуар ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлы 1933 жылы әскер қатарынан оралып, қақаған қыста Құлан станциясында пойыздан түсіп, туған жері Мыңбұлаққа жаяу барады. Үйдің қақпасы бекітулі екенін көріп, бетін суық шынылы терезе арқылы әкесіне дыбыс береді. «Ақиқат және аңыз» кітабында батыр бұл жайды былай деп есіне алған:

– Бұл кім? – деп жалғыз ұлын сағынып, елегізіп отырған әкем терезе алдына келді.

– Жәке, мен ғой! – дедім даусым балапандай шар ете түсіп.

Әкесі Момышпен құшақтасып кездескен сәтін тебірене еске алған батыр әңгімесін былай деп жалғастырады: «Жәкемнің жүрегінде қаншама маған деген сағыныш, мақтаныш, үміт жатқанын мен сонда ғана аңғардым. Бірақ мен әкемнің кәрі жүрегін сыздатқан сағынышын сәл басқанмен, аталық асыл мақтанышын ол кезде ауыл төңірегінен асыра алмадым. Үлбіретіп көзі тірісінде қолына ұстата алмадым».

Қазақ өнерінің қос жұлдызы Күләш және Қанабек Байсейіттердің өмірінің  аспаны да бұлтсыз болмаған. Қанабек Байсейіттің бірінші жұбайынан туған Алдабекті Күләш Жасынқызы өз баласындай жақсы көріп, тәрбиелеген. Сол бала өсе келе заң қызметкері оқуын бітіреді де, Талдықорғанға жұмысқа орналасуға барады. Сол жақта жүріп Алдабек кездейсоқ қаза табады. Сонда елге белгілі әнші, сахнаның көркі, халықтың сүйіктісі Күләш Байсейіт: «Қасында өзім жүріп айырылып қалғаным-ай! Тірі ертіп апарып, өлі алып келгенім-ай!» – деп өкініп, көз жасын көл етіп жылған. Бұл оқиға Қанабек Байсейіттің «Құштар көңіл» атты естелік кітабында баяндалған.

Ақын Әбділда Тәжібайұлы да өкінері көп, сонымен қатар өзінің қатесін мойындай алатын тұлға болған.  Бірде әдебиеттанушы Құлбек Ергөбекпен әңгімелесіп отырып Мағжан Жұмабайұлының өлеңін оқиды да:

– Қарашы, Құлбек, ғажап емес пе?! Ғажап қой, – дейді дауысын бәсеңсітіп барып:

–    Нағыз ақын еді ғой байғұс. Большевик боламыз деп осындай ақынға да көп қиянат жасадық-ау.

  • Сәбит ағаңыз бастап…
  • Сәбит ағам бастап, біз қостап, жемеген боғымыз жоқ. Ит өмір-ай.

…Бір күні Мағжан «Тоқсанның тобын жазды». «Тоқсанның жырын тоқсанның өзі-ақ айта алады» деп мен мақала жаздым. Жаспыз ғой, ол кезде нені біліп жатырмыз,

…Өкінем, Мағжанға жасасқан қиянаттарыма! Бәріміз де қиянат жасадық қой оған..» – дейді.

Ақынның бұл сөздерін 2004 жылы Құлбек Ергөбекұлы «Егемен Қазақстан» газетінде жариялады.

Осындайда жаны үлкен ұлы тұлғалар өздерінің өкініштерін көпшілікке неге білдіреді деген сұрақ туындайды? Шамасы, сіз бен бізді өкініш тудыратын қателіктерден құтқарғысы келгендіктен болар…

Бердалы Оспан

Басқа материалдар

Back to top button