Жаңалық Редакция таңдауы Сұхбат

17 жастағы Азия чемпионымен сұқбат

Нұрай Ғаниқызы – «ойлылардың ойыны» ретінде танылған тоғызқұмалақтың тағылымын арттырып, оны әлемге танытуға сүбелі үлес қосып жүрген жастардың бірі.

17 жастағы ару  6-14 желтоқсан аралығында өткен V Азия чемпионатында жүзден жүйрік атанды. Ұлттық спорттың халықаралық біріншілігіне Қазақстан мен Қырғызстаннан бөлек, Ауғанстан, Үндістан, Қытай мен Моңғолия, Түркия, Түркіменстан, Ресей және Өзбекстан спортшылары қатысқан.

«Ең алғаш тоғызқұмалаққа деген қызығушылығым мектеп қабырғасында оқып жүргенімде, нақтырақ айтсам,  2-сыныпта басталды. Менің осы спорт  түрімен танысып, көптеген жетістікке жетуіме себепші болған кісі –  тренерім Елеусінов Біржан. Ол кісінің арқасында тоғызқұмалақ ойынының қыр-сырын үйренген жайым бар. Бұл ойынды үйрену мен үшін үлкен қиындық тудырды деп айта алмаймын. Дегенмен, әр істің өз қиындығы болатыны хақ. Сол іспетті аздаған кедергілер менің алғашқы жарысымда туындаған болатын. Байқау Қазалы қаласында өтті. Ол кезде небәрі 7-8 жаста едім. Мен үшін тоғызқұмалақтың арнайы өзіне тән дебюттерін жаттау қиыншылық туғызатын. Дегенмен, сол жарыста жаттықтырушым маған дебюттерді жаттатқызып, қайталап сұрап отырды. Осылайша өзімнің алғашқы додамда 1-орын иемденіп қайтқан болатынмын»,– деп әңгімесін бастады кейіпкеріміз.

Нұрайдың айтуынша, қазақтың ұлттық ойынының тәрбиелік маңызы зор.

«Тоғызқұмалақ –  қазақтың ұлттық ойыны. Ол  салт-дәстүріміз бен таным-тәрбиемізді қалыптастырады. Тарихшылардың зерттеуіне сүйенсек, сан мыңдаған жылдық тарихы бар. Бұл ойынды ойнай отыра біз өз-өзімізді дұрыс ұстауды, шыдамды бола білуді, алдын ала болжауды үйренеміз. Тоғызқұмалақ ойынын тәрбиенің түп тамыры деп айтсам, қателеспейтін шығармын. Оны кезінде Абай атамыздың өзі сүйіп ойнаған. Ұрпақтан-ұрпаққа берілген тәрбие құралы, ұлттық дәстүрлерімізді дәріптейтін ойын түрі деп тануға болады», – дейді ол.

Жас дарын аз ғана уақыттың ішінде әлемдік додадан жүлделі орын алып үлгерді.

– Қарап тұрсам,  менің осы ойынға деген қызығушылықпен басталған жолыма 9 жылдай уақыт болыпты. Әртүрлі жарыстарға қатысып көрдім. Дегенмен, Азия чемпионатына бірінші рет қатысыппын. Байрақты бәсекеде 12 елден жиналған 200-ден астам спортшы ой жарыстырды. Олар тоғызқұмалақтың классика, рапид және блиц түрі бойынша өзара сынға түсті. Бұл жарыста топ жарған ел, әрине,  Қазақстан болды. Содан соң Қырғызстан мен Моңғолияны айтуға болады. Мен ұлттық ойынның рапид түрінен екінші орынды қанжығама майладым. Шыны керек, өзге ұлттардың бұл ойынға танытқан қызығушылықтары мені қатты қуантты.  Осы арқылы қазақ елінің ұлттық спорттары дамып келеді деген ой түюге болады. Жалпы ұлтымыздың төл дәстүрлерін дәріптеуді біздің міндетіміз деп білемін.

Сұқбат соңында кейіпкеріміз тоғызқұмалақтың өміріне қандай өзгерістер әкелгенін баяндап берді.

«Бұл ойынға қызығушылық танытып, ойнап үйренгеніме түк өкінбеймін. Себебі, мен бастауыш сыныптан бастап түрлі қалаға барып, ел-жер көрдім. Жаңа достар таптым. Менің балалық шағым көптеген байқаудың арқасында өте қызықты өтті.  Бұл ойынды бастап үйренбегенімде, қазір не істеп жүретін едім деп ойланамын. Шынымды айтсам, тоғызқұмалақсыз өмірімді елестете алмаймын. Қазірдің өзінде, бірнеше уақыт аралығында жарыстарға шықпасам, өмірім қызықсыз өтіп жатқандай көрінеді. Мен бұл ойынның арқасында көп дүниені түсіндім деп ойлаймын», – дейді Нұрай.

Диана Асан

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button