Зерттеу

ЕАЭО елдерінің жас ғалымдарының конференциясы өтті

2021 жылғы 29 қарашада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін атап өту аясында ЕАЭО елдерінің жас ғалымдарының конференциясы өтті. Іс-шараны «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ынтымақтастықта бірлесе ұйымдастырды.

Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов өз сөзінде әлемдік дамудың оңтайлы жолдарын айқындау мәселелері бойынша ЕАЭО елдерінің ғылыми қоғамдастықтары арасында жан-жақты диалог құрудың маңыздылығын атап өтті. Ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың еуразияшылдық идеясын ілгерілетудегі және посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық үдерістерді жандандырудағы ерекше рөлін атап өтті.

Кездесу барысында жас ғалымдар мемлекеттік жастар саясаты саласындағы зерттеу мәселелерін, цифрландыру үдерістерінің еуразияшылдық идеясын ілгерілетуге ықпалы мен ЕАЭО елдері арасындағы гуманитарлық және трансшекаралық ынтымақтастықтың перспективаларын жан-жақты қарастырды.

Сондай-ақ ЕАЭО елдерінің экономикалық ынтымақтастығын одан әрі ынталандыру үшін жас ғалымдар арасында ұзақмерзімді өзара іс-қимыл стратегиясын құру қажеттігі туралы мәлімдеді.

Пікірталас қорытындысы бойынша, сарапшылар қазіргі таңда жаһанданудың серпінді үдерістеріне байланысты экономикалық, мәдени және ғылыми тұрғыда өзара іс-қимыл үшін жаңа алаңдар ашу мәселесі өзекті бола түскеніне тоқталды. Сонымен қатар ЕАЭО жас ғалымдарының конференциясы аталған интеграциялық үрдістердің маңызды бағытына айналады деген пікір білдірді.

Іс-шара барлық санитариялық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, офлайн және онлайн форматта өтті.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button