Жаңалық

Елордада әл-Фарабидің ескерткіші қойылды

Нұр-Сұлтан қаласындағы Оқушылар сарайының алдына әлемнің екінші ұстазы Әбу-Насыр әл-Фарабидің ескерткіші қойылды.

Ескерткіштің ашылуына Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қатысты. Тұңғыш Президент – Елбасы «Ұлы даланың 7 қыры» атты мақаласында әйгілі әл-Фарабидің тұлғасы мен мұрасына лайықты баға бергенін, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен былтыр ғұлама ғалымның 1150 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтілгенін айтқан Мемлекеттік хатшы: «Бүгінде Тәуелсіздіктің арқасында баба мұрасын жаңғыртып, есімін ұрпақ санасында мәңгі қалдыруда біраз жұмыс атқарылып жатыр. Ұлы философ атындағы ұлттық университет, оқу орындары, ескерткіштер мен көшелер бар. Ғылым-техника саласындағы ең жоғары марапат – әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлық тағайындалды. Енді бүгін біз сіздермен бірге еліміздің рухани өміріндегі, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңындағы маңызды оқиғалардың бірі – ұлы ойшыл, ұстаз, ғалым Әбу Насыр әл-Фарабиге арналған елордадағы ескерткіштің ашылуында тұрмыз. Бұл ұлтының ұлы ұлына көрсеткен құрметінің бір парасы. Жобаны жүзеге асырған Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне және Айдос Бүркітбаев бастаған авторлар мен мүсіншілерге алғыс білдіреміз. Бұл ескерткіш ғұлама атын иеленген Оқушылар сарайына келетін жас жеткіншектердің жүрегінде сәуле жағып, ой-санасын оятатын зердеге айналсын деп тілек айтамыз», – деді.

Данышпан мүсіні қола мен граниттен жасалған. 9,5 метр биіктіктегі ескерткішті А.Бүркітбаев, Д.Сарбасов, Қ.Бегулиев, А.Тоқбаев және Д.Үсенбаев қатарлы мүсіншілер дайындаған.

Айта кетейік, өткен жылы аталған оқушылар сарайына әл-Фараби атауы берілген болатын.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button