ЖаңалықРедакция таңдауы

Ұларбек Нұрғалымұлы. Патшаның рәсімі

Тәуелсіздік жер бетіндегі күллі қазақ үшін қандай қастерлі болса, егемен елдің тізгінін ең алғаш қолға алған Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та сондай құрметке ие болды. Әсіресе, шеттегі қазақ «Назарбай» деп ерекше ардақтап атайтын Елбасы есімі олардың көңіл төрінен мызғымастай орын алды. Ақын, жазушы Ұларбек Нұрғалымұлының арғы беттегі ағайынның өмірі өрнектелген «Дайағашшы» кітабында Елбасының суретін ең алғаш көрген алыстағы ауыл адамдарының ерекше ілтипаты айтылады. Сол «Патшаның рәсімі» атты шағын әңгімені ұсынамыз.

Тәуелсіздіктің алғашқы айлары болатын. Жасымыз онға толмаған баламыз. Шынжаң өлкесінде, алыс елдімекенде тұрамыз.

Бір күні дастархан жасалып, көп адам жиналды. Бәрі көңілді, арқа-жарқа. Әбден көз байланған уақытта ауылдағы саудагер Айқын кіріп келді. Қолында шиыршықтап ораған қағазы бар. Төр алдына барып жайғасты. «Ал, енді аш» деді үлкендер ентелеп. Айқын ыңыранып: «Көрем дегендерің көрімдік тастаңдар!» деп қояды. Көрімдік алды ма, алмады ма, есімде жоқ, әлгі ораулы қағазды ашты. Маңдайы жарқыраған сом денелі кісі тұр. Жапырлай қарап, тамсанып жатыр. Әкемнің «Патша десе, патша екен ғой» дегені есімде. Бәрі жағалай өз қолдарына ұстап анықтап көріп жатты. Бір кезде Мәден ақсақал: «Е, қазақтан шыққан патша осы болды де, маңдайы кере қарыс боп тұруын-ай, қазақтың бағы жанған екен» деп қалтасынан шытын алып көзін сүртті…

Міне, біздің ауыл Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суретін бірінші рет осылай көріп еді. Саудагер Айқын бүкіл елді аралап көрсетіп шықты. Сол суреттің ыстық-суығы басылғанша ауыл адамдары бір-біріне «Патшаның рәсімін көре алдыңдар ма?» деп шұнаң қағып қауқылдасып жататын…

Басқа материалдар

Back to top button