Сұхбат

Айсұлу Санат: Қазақтың ыдыс-аяғын брендке айналдырғым келеді

Қазақ қыш өнерінің тарихы тереңде жатқанымен, бүгінде онымен айналысатындар кемде-кем. Қыш бұйымдар жасауды шетелде жүріп меңгерген Айсулу Санат бұл өнерді кәсіпке айналдырып қана қоймай, Батыстан алған білімін балалар мен ересектерге де үйретіп жүр. Көбімізге әрі қызық әрі таңсық болған өнердің қызығы мен қиындығы жайлы #Қазақстандажасалған айдарының бүгінгі кейіпкері өзі әңгімелесін. 

– Қыш өнерін қашан, қайдан үйрендіңіз?

– Қыш өнерін 2007 жылы Канаданың Виктория қаласындағы Pearson College деген IB мектебінде оқып жүргенде үйрендім. IB бағдарламасы бойынша, мектеп бітіру үшін әр оқушы өнердің бір түрін таңдап, пән ретінде сабақ алуы керек. Қыш өнерінен мүлдем хабарым болмағандықтан басында аса қатты қызығушылығым болмады, тек жаңа қабілет үйренейін деп таңдадым. Қыш өнері пәнін жоғары бағамен аяқтап, мектепті сәтті бітірдім. Кейін АҚШ-тың Earlham College университетіне психология, бизнес және нон-профит менеджмент мамандығына оқуға түстім. Бірінші курста оқып жүрген кезімде университеттегі қыш өнері студиясының жанынан өткен сайын мұрныма қыштың иісі келетін.  Қыштың иісі менің қыш өнеріне деген махббатымды оятты.  Сол студияға кіріп қышпен жұмыс істегім келді. Сөйтіп, қыш өнерін майнор (қосымша мамандық) ретінде оқыдым.

– Бүгінде қыш бұйымдар жасайтын өз шеберханаңыз бар екен. Жұмысыңыз қиын емес пе?

– Студия ашу менің бұрыннан бергі арманым еді. Sanat Ceramics атты жеке шеберханамды 2020 жылдың жазында аштым. Қазір елімізде, әсіресе Алматы мен Астана қалаларында көптеген қыш өнері студиялары ашылып жатыр. Бірақ адамдар қышпен айналысуды әлі күнге ермек деп қарайды, өнер ретінде көрмейді. Оның үстіне қыш өнері – қымбат хобби. Көп қаражат пен уақытты талап ететін сала болғандықтан ешкім айналысқысы келмейді. Қыш өнерінде таланттың болуы жеткіліксіз, оған қоса көп оқып, мол тәжірибе жинау керек. Теориялық негізсіз, тек практикамен дамыған жас өнерпаздар қателіктерге жиі ұрынуы мүмкін. Сондықтан бұл өнер саласымен қышқа деген қызығушылығы мол және техниканы толық меңгерген адам ғана айналысқаны абзал. Қыштан көбінесе ыдыс-аяқ, вазалар жасалынады, кейбір өнерпаздар қыштан мүсін де жасайды. Әрине, ыдысты қолдан жасамай-ақ, Қытай мен Ресейдің дайын зауыттық өнімдерін сатып алу өте оңай, бірақ ыдыстардың түрі де, түсі де миллиондаған басқа ыдыстармен бірдей болады. Ал қолдан жасалған ыдыс әрдайым дара әрі ерекше болып шығады. Қолдан жасалған ыдыстың, бұйымдардың қымбатырақ болуына қарамастан оған инвестиция салудың мәні бар.

Бүгінгі күнде біз керамиканың кез келген түріне тапсырыс алып, жасай аламыз. Біздің клиенттер ыдыс-аяқ, декор, тіпті қазір фарфордан жасалған жаңа жылдық ойыншықтарға дейін тапсырыс береді. Кейінгі уақытта интерьер дизайнерлері өнеріме қызығушылық танытып, өздерінің эскиздері бойынша қыштан жасалған бұйымдарға тапсырыс бере бастады. Осы деңгейге жетуіме университетте алған білімім көп көмектесті. Тәжірибем көп болса да, әлі күнге дейін үздіксіз жаңа әдістерді үйреніп, қыш өнеріне байланысты жаңа материалды оқимын, маркетинг пен менеджментті де зерттеймін. Дәл қазір студияда бүкіл жұмысты өзім атқарамын. Яғни, бесаспап шебермін десем де болады. Әрине, жолдасымның көмегі өте үлкен. Кейде тапсырыстарды жалғыз жасау қиын. Студиямның дамуына қарасам, алдағы уақытта көмекші қажет болатын түрі бар.

– Курс та ұйымдастырып жүр екенсіз. Шәкірттеріңіздің арасынан көмекші қарастырмадыңыз ба?

– Басында менің кәсібім өз өнімдерімді жасап, эксклюзивті қолдан жасалған жұмысты сүйетін жандарға сату болды. Кейін маған қыш өнерін үйренуге қызығатын адамдардан сұраныстар түсті. Өйткені адамдар қыш өнерін академиялық ортада оқыған, батыстық PhD дәрежесі бар профессорлардан білім алған маманнан үйренгісі келді. Сөйтіп мен шеберлік сабақтарын жүргізе бастадым. Сол сабақтарыма келіп жүрген бір қыз бала қазір шетелде өнеркәсіптік керамика мамандығы бойынша оқиды. Мен оны өзіме серіктес еткім келеді, бірақ ол қыз жақында оралмайды. Егер өте жақсы оқитын, қағылез шәкірттер табылып жатса қуана-қуана жаныма көмекші қылып алар едім. Менің мақсатым – алған білімді оқушылармен бөлісу және дара, қайталанбас ерекше қыш бұйымдарын жасап шығару.

– Парақшаңыздан балшық терапиясы туралы да көптеген тақырыптарды көріп қалдым. Бұл өнер арқылы психологиялық көмектер де көрсетуге бола ма?

– Иә, бұл менің жаңа бағытым. Балшық терапиясы психотерапияда 3 жастағы баладан бастап ересектерге дейін қолданылады. Оның негізін салушы – неміс психологы, профессор Хайнц Дейзер. Егер сіз балшықпен ұзақ уақыт жұмыс істесеңіз стрессті шығарып, денені босаңсытады. Мұны балаларға сабақ берген кезімде де байқадым. Менің қызыл жегімен (волчанка) ауыратын, саусақтары қарысып тұратын оқушым болды. Ауруына байланысты мен оның үйренуін аса мұқият қадағаладым. Екі аптадан кейін оқушымның жазу жазуға, қасық ұстауға икемі келді. Балшық – өте шипалы материал, бірақ оны көбісі біле қоймайды. Ол ұсақ моториканы дамытады, жаңа нейрондық байланыстарды қалыптастырумен қатар баланың ойлау қабілетін жақсартады. Әсіресе, бала жылауық, ашуланшақ, тынымсыз немесе томаға тұйық болса балшық терапиясының тигізер көмегі өте зор.

– Алдағы жоспарыңыз қандай?

– Жақында Lunagrosh брендінің негізін қалаушы, этно-дизайнер Айдана Ерімбеттің эскиздері бойынша керамикалық бұйымдар жобасын бітірдім. Ендігі мақсатым – студиямда HORECA-ға (қонақ үй және мейрамхана бизнесі) арналған өндіріс ұйымдастыру. Өйткені біздің мейрамханалар, негізінен, Қытай мен Ресейдің ыдыс-аяқтарына тапсырыс береді. Мен Қазақстанда жоғары сападағы ыдыс-аяқ шығаратын бренд жасап, мемлекетіміздің аумағымен шектелмей, қазақ өнімін шет елдерге де шығарғым келеді. Интерьер дизайнерлерімен де жұмысымды жалғастырып, үйге арналған қыш декор коллекциясын жасау жоспарым бар.

Басқа материалдар

Back to top button