Жаңалық

Қажырлы еңбекпен табысқа жеткендер – жастарға үлгі

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының ұйымдастыруымен өткен Инфографика түріндегі «Қажырлы еңбек – табыс кілті» атты электронды флаерлерін әзірлеу жобасының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жеңімпаздары марапатталды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Ulttyq tárbıe» идеологиялық платформасы аясында институт жүзеге асырып отырған жоба бар күш-жігерін босқа сарп етпей, өмірде кездескен түрлі қиындықтарға мойымай, қоғамға пайдасын тигізген тұлғаларға арналады. Сол арқылы жастарды еңбексүйгіштікке баулып, еңбек адамын құрметтеуге, үлгі тұтуға шақырады.

Биыл тамыз айында бастау алған жобаға білім беру, ғылым, медицина, мәдениет, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп сияқты 6 сала бойынша тұлғалар қатысқан. Қатысушылар өздерінің кәсіби біліктілігімен жетістікке жеткен өмірбаяны, қызметі және жетістіктіктері туралы ақпараттарды Ruh.kz порталының ruh_qz Instagram парақшасында #қажырлыеңбек #выдающийсяуспех хештегтерін қолдана отырып посттар жариялады. Жарияланған 654 посттың 282-сі ақпараттық болса, 372-сін еліміздің өңірлеріндегі тұлғалардың өздері жариялаған.

«Қажырлы еңбек – табыс кілті» тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен 30 тұлғаға арналды. Жобаға барлық өңірден қатысты. Осыншама белсенді тұлғалардың арасынан қоғамға және адамзатқа пайдасын тигізіп шәкірт тәрбиелеген, ұрпаққа мұра қалдырған, өз еңбек саласын республикалық, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті еткен және ғылымда, өндірісте жаңалық ашып, ұзақ жыл бір салада еңбек еткен, сондай-ақ өмірде және еңбекте кездескен түрлі қиындықтарға мойымаған әрі еңбек жолында қайсарлық, қайраттылық, табандылық танытқан тұлғалар іріктеліп алынды. Барлық тұлғалар ulttyqtarbie.ruh.kz парақшасына жүктелді» – , деді жобаны таныстырған «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Рухани жаңғыру» орталығының жоба менеджері Руслан Беген.

Аталған жобаға Нұр-Сұлтан қаласынан 10-ға жуық адам қатысты. Солардың ішінен ҚазКСР еңбек сіңірген әртісі, өнертану кандидаты, өнертану профессоры, Қазақ ұлттық хореография академиясының хореография факультеті режиссура кафедрасының профессоры Тойған Оспанқызы Ізім мен ауылшаруашылық ғылымдарының кандидаты, доцент, «Стандарттау және сертификаттау» саласының маманы Зарифа Ахметқызы Қашқарова жеңімпаз атанды.

Жеңімпаздарды құттықтаған «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасының орынбасары Аманбек Көрпебайұлы Төлепбергенов былай деді: «Ауыр да, қиын ұстаздық жолда 60 жылдай еңбек еттіңіздер. Бір адамның санасының өзгеруіне бір-екі жыл, бір-екі бағдарлама немесе платформалар ғана емес, оған ондаған, жүздеген жылдар, қажырлы еңбек, сарқылмас білім керек. Осы институтта жұмыс жасап жатқандар да өздеріңіздің ізбасарларыңыз. Мұнда ғылым, білім саласында еңбек атқарып келе жатқан азаматтар қызмет етуде. Осы «Ulttyq tárbıe» идеологиялық платформасын өздеріңіз сияқты мамандар жасап шықты. Онда мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға, мұғалімдер мен тәрбиешілерге арналған бағдарламалар бар. «Қарты бар елдің – қазынасы» бар дейді ғой. Сол платформадағы қазына өздеріңізсіздер. Қоғамның өзгеруіне байланысты жылдам ақша тапқысы келетін, бәрін жеңіл ойлап, оңай қол жеткізе салғысы келетін жастардың қатары, өкінішке қарай, көбейіп келеді. Бірақ қандай заман болмасын білім салтанат құруы, қажырлы еңбек болуы керек. Сонда ғана үлкен жетістікке жетеді. Халқына, Отанына деген қызметін сіңіріп үлкен тұлғаға айналады. Соны дәріптеудің негізгі мақсатында өздеріңізді таныстырып отырмыз. Жастарды еңбекке баулу, білім алып, кітап оқуға шақыру – басты мақсатымыз. Әлеуметтік желінің дамып тұрған заманында өздеріңіздей 30 тұлғаны таңдап алып әлеуметтік желілерде жариялап, жастардың назарына ұсындық.  Жастар сіздерге қарап бой түзесе, жетістік еңбек пен білімде екенін түсінсе екен деген ниеттеміз».

Жобаның маңыздылығына тоқталған «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Жанар Қалиқанқызы Боқанова игілікті іс кейінгі жылдарда да жалғасын табатынын жеткізді. «Еңбектің арқасында көптеген жетістіктерге жетуге болады және сол арқылы еліміздің дамуына қомақты үлесімізді қоса аламыз. Жобаға қызығушылық өте жоғары деңгейде болды. Елбасы бағдарламасының идеяларын түсініп, қолдап, оны ары қарай жастардың арасында дәріптеуде белсенділік танытқандарыңыз үшін сіздерге алғыс айтамын, бас иемін. Елдің негізі, тарихы өздеріңіз сияқты адамдардың еңбектерімен қаланады. Жоба келесі жылы да жалғасын табады  деп ойлаймын. Өйткені аудан, ауылдарымызда да беделі жоғары азаматтарымыз көп. Солардың еңбектерін көрсетсек, әрине, көптеген жетістіктерге жетеріміз сөзсіз», деді Жанар Боқанова.

Еңбек жолындағы қызықтары мен қиындықтары туралы баяндаған жеңімпаздар ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

«Менің өмірім екі сатыға бөлініп кеткен сияқты. Бірінші сатысы –шығармашылық еңбектерім болды. Мен 27 жыл сахнада билегенмін. Ол жерде де белгілі дәрежеде жетістіктерге жеттім деп есептеймін. Өйткені мені мәскеулік оқытушыларым мен әріптестерім мойындаған. Бірақ менің бағыт-бағдарым қазақы болмыс болды. Біздің хореография өнерінде бәрі орысша болып кеткен. Бүгінгі күні қазақша жазып, қазақша сөз айтатын жалғыз мен сияқты болып көрінемін. Өнер бағыты бойынша Қазақстанда қазақ тілінде алғаш кандидаттық қорғадым. 5-6 ғана PhD докторы дайындалып шықты. Оның ішінде өзім жетекшілік еткен, қазақша жазып жүрген бір қызымыз бар. Мен оған үлкен үміт артамын. Әрине, мен орыс тілін, ағылшын тілін білмеу керек деген ойдан аулақпын. Өйткені қазіргі жастар бізден де білімді, олардың деңгейі өте жоғары. 60-шы жылдары білім алған адам мен қазіргі оқып жүрген балалардың арасы жер мен көктей. Болашақта биді тек қана халықтың тамашалайтын дүниесі ретінде қалдырмай, ғылымға айналдыру, ғылыми ортаға енгізу біздің міндетіміз болды. Соны біз атқарып шыққан сияқтымыз. Сол мақсатта жұмыс жүргізіп жүрген жанмын. Менің екінші өмірім сол бағытта әлі жүріп жатыр. Бұл салада істеп жүрген жалғыз мен емеспін ғой. Би өнерінде үлкен шыңдарға жеткен қазақ ұлтынан шыққан жұлдыздарымыз бар. Бүгінгі күні 5 скопус шығып, соған да шүкір деп отырмыз. Биыл 70 жасқа толып Президенттің құттықтау хатын алдым. Еңбегімнің бағаланып жатқанына қуанамын», – деді Тойған Ізім.

«Мен 1995 жылы тарихи отаныма оралдым. Келе салысыммен ғылыми-техникалық зерттеу институтында жұмыс істедім. Экономикалық тақырыптар бойынша зерттеулер жасадық. Ұстаз болу бала күнгі арманым еді. Оның ауыр қызмет екенін айтқандарға тойтарыс бере отырып осы мамандықты таңдадым және өмірімді осы білім беру саласына арнадым. Бүгінде еңбегіміздің еленіп жатқанына алғыстан басқа айтарым жоқ», – дейді тебіренген Зарифа Қашқарова.

Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтының түлегі, хореография режиссері Тойған Оспанқызының әзірге дейін 57 еңбегі жарық көрген. Атап айтқанда, оның ішінде 2 монография, 2 оқулық, 1 оқу құралы, Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің журналдарында 14 мақала, «Scopus» деректер базасында импакт-факторы бар 3 мақала жазған. Сахнада өнер көрсетіп қана қоймай, ұрпақ тәрбиелеп, ғылыммен де айналысқан биші КСРО Мәдениет министрлігінің құрмет грамотасымен (1974 ж.), «Еңбек ардагері» төсбелгісісімен (Халық депутаттары Алматы қалалық Кеңесі Президиумының қаулысы, 1990 ж.), ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамоталарымен (2001 ж., 2011 ж.), «Қазақ ұлттық өнер университетінің 15 жылдығы» төсбелгісімен (2013 ж.), «Ы.Алтынсарин» (2014ж.) және «Ғ.Жұбанов атындағы облыстық филармонияның 75 жылдығы» төсбелгісімен (2017ж.) марапатталған. Дәстүрлі қазақ мәдениетін насихаттап жүрген әртіс бүгінде қазақ би өнерінің ғылыми зертханасын басқарады. Оның құрамына қазақ биінің жетекші педагогтары кірген. Ондағы профессор-оқытушылар жуырда қазақ би өнерінің анықтамалығын жарияламақ және электрондық оқулық шығару да жоспарлап отыр.

30 жылдан аса уақыт білім және ғылым саласында еңбек етіп келе жатқан Зарифа Ахметқызы – 50-ден астам ғылыми еңбек пен авторлық патенттің, 16 оқу-әдістемелік дамыту жобаларының авторы. Ол Госстандарт академиясы, Алматы энергетика және байланыс институты, «УНАТ» ЖОО, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, АСУ гуманитарлық-техникалық колледжі мен Қазақстандық Швейцария-Американдық колледжінде педагогикалық қызметтер атқарған. Өмірінің көп бөлігін шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұстаз «Қазақстанның үздік адамдарына» (2010) еніп, «Білім саласының үздік қызметкерлері» (2010) қатарынан көрінген. ҚР Білім және ғылым министірлігінің білім саласына қосқан үлесі үшін құрмет грамотасымен марапатталған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button