ЖаңалықРедакция таңдауы

Қазіргі қолға үйретілген жылқылардың шығу тегі зерттелді

Қазақстандық ғалымдардың қатысуымен жүргізілген зерттеулердің нәтижелері беделді британдық «Nature» ғылыми журналында жарияланды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Торайғыров университетінің, Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің және А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің зерттеушілері әлемдік жетекші ғалымдармен бірлесіп, қазіргі қолға үйретілген жылқылардың шығу тегін зерттеді.

«Зерттеулерге Тулуза университетінің (Франция) палеогенетик маманы Людовик Орландоның жетекшілігімен әлемнің түрлі елдерінен 162 ғалым қатысты. Зерттеушілер тобына белгілі қазақстандық ғалымдар да кірді. Олардың білімі зерттеу жұмысына елеулі үлес қосты. Бүкіл Еуразиядан табылған ежелгі жылқылардың геномдарын салыстыру нәтижесінде қазіргі жылқылар б.з.д. 2200 жыл бұрын Понтий-Каспий даласы аймағында қолға үйретілгендігі туралы болжам жасалды. Содан кейін бірнеше ғасырлар бойы жылқылар Еуразияның қалған бөліктеріне таралған. Көпжылдық зерттеулердің нәтижелеріне арналған мақала әлемдегі көпжылдық тарихы бар жалпы ғылыми журналдардың бірі болып табылатын «Nature» журналында жарияланды», – деді Торайғыров университеті Ә.Х. Марғұлан атындағы Біріккен археологиялық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Виктор Мерц.

Ғалымдардың ойынша, тас және ерте қола дәуірінде Еуразияны генетикалық жағынан әр түрлі жылқы популяциялары мекендегені анықталды. Алайда, б.з.д. 2200-2000 жылдар аралығында түбегейлі өзгерістер орын алған. Бұрын тек Понтий далаларында болған генетикалық популяция өз аймағынан тыс жерлерге тез таралып, бірнеше ғасыр ішінде Атлантикадан Моңғолияға дейін жабайы жылқылардың барлық басқа популяцияларын ығыстырды.

Ғалымдар «жаңа» жылқылардың геномдары мен олардың орнына келген популяциялар арасында екі маңызды айырмашылықты тапты. Бірінші айырмашылығы – жылқылар мойынсұнғыш, адамның тұрмыс-тіршілігіне қолайлы болған. Ал екіншісі – жылқы омыртқасының мықты болуы. Зерттеушілер бұл сипаттамалар б.з.д. III-II мыңжылдықтар тоғысында – III мыңжылдықтың аяғында Еуразия территориясында осы жануарлар мен доңғалақты арбалардың таралуын қамтамасыз еткен маңызды факторларға айналды деп болжайды.

«Біздің дәуірімізге дейінгі IV мыңжылдықтың аяғы мен III мыңжылдықтың ортасында Еуразия даласындағы бұрынғы үнді-еуропалық популяциялардың көші-қон толқындары қазіргі заманғы жылқыларға негізделмеген сияқты, өйткені жылқылардың қолға үйретілуі мен таралуы кейінірек болған. Адамдардың көші-қонын және өткен этномәдени процестерді зерттеу барысында пәнаралық тәсіл мен жануарлар тарихын енгізу маңызды», – дейді Торайғыров университетінің профессоры Виктор Мерц.

Басқа материалдар

Back to top button