ЖаңалықРедакция таңдауы

Желтоқсан оқиғасының құжаттық хроникасы кітап болып басылды

Желтоқсан оқиғасының ресми құжаттары топтастырылған «Желтоқсан. 1986. Декабрь. Документальная хроника» атты кітап жарық көрді.

Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай шыққан кітап Парламент мәжілісінің депутаты, «Қазақ тілі» қоғамының президенті Берік Әбдіғалиұлының бастамасымен архив құжаттарына негізделген деректі жылнама негізінде құрастырылған. Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада таныстырылымы өткен құжаттық хрониканың баспа шығындарына «Алтын қыран» қоғамдық қоры демеушілік еткен. 1000 данамен жарық көрген кітап Желтоқсан тақырыбын зерттеп жүрген ғалымдар мен кітапханаларға таратылмақ.

«Біздің буын Тәуелсіздік алған кезде 20 жаста едік. Яғни 1986 жылы Желтоқсан болып жатқанда біз 15 жастағы бала болдық. Солардың арқасында жігерленіп, рухтанып өстік. Сондықтан Желтоқсан қаһармандары біз үшін әрдайым батыр. Әрине, олардың тағдыры әр түрлі болды. Өздері де сезеді құрбан болғанын. Қазір мақтан тұтып жүрген азаттығымыз да, сол азаттықпен бірге келген жетістіктеріміз де солардың арқасында орнады. Біз оларға жалпыұлттық лайықты саяси бағасын бере алмай жатырмыз. Бұлар арамызда жүрген тірі батырлар ғой. Қарапайым студент қыз-жігіттер жастық жігердің, ұлттық намыстың қандай болу керектігін бәрімізге көрсетіп кетті. Сондықтан Тәуелсіздік тойларында ең бірінші құрмет соларға көрсетілуі керек. Екіншіден, бұл тақырыптың өзі әлі зерттелген жоқ. Кітап шығарғандағы мақсатымыз осыны ғалымдар зерттесе екен деген ниет еді. Кітаптың ішінде қаншама тізім бар. Солардың бәрінің тағдырын анықтаса тарих дегеніңіз сол», – деді бастама авторы Берік Әбдіғалиұлы.

Кітаптың бүгін Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада да таныстырылымы өтеді. «Алтын қыран» қоғамдық қорының атқарушы директоры Мақсұтбек Айтмағанбеттің айтуынша, қажеттілік туындап жатса жинақ қайта басып шығарылады.

Басқа материалдар

Back to top button