Жаңалық

Публицистикалық мәтіндер кіші корпусының тұсаукесері өтті

Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті  Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы  «Қазақ тілі ұлттық корпусының  публицистикалық мәтіндер кіші корпусының» тұсаукесер рәсімін өткізді.

Лингвистикалық корпус – тілдік құбылыстарды (әсіресе, сөз, фразаларды) іздеуді жеңілдететін белгілі бір тілдегі жазбаша және ауызша мәтіндердің электронды түрде жинақталған ақпараттық-анықтамалық базасы. Ол іздеу нәтижесін табиғи контексте көрсетеді.

Корпустың мақсаты – тіл ресурстарын жинақтап, тілді нормаландыру, жүйелендіру, нәтижесін көпшілік тұтынушыға пайдалануға ұсыну.

Ал публицистикалық мәтіндер корпусы бұқаралық ақпарат құралдары материалдарын бір базаға жинақтап, оның теориялық және қолданбалы зерттеулерге пайдалануға, түрлі сөздіктер құрастыруға, тілді оқытуда қолдануға ыңғайлы әрі қолжетімді етеді. Бұл корпусқа «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Заң», «Түркістан» газеттерінің соңғы жылдардағы материалдары дереккөз ретінде алынды.

Жобаны Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің мемлекеттік тапсырмасымен «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы орындады.

Жоба жетекшісі – филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұрлыхан Аитова, ІТ жабдықтау бойынша жетекшісі – Мөлдір Бақытқызы. Жоба жұмысына А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университеті, Назарбаев Университет, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе  өңірлік мемлекеттік университеті, Байішев университеті, «Minialgo» ЖШС, «Qazkitap баспасы» ЖШС  мамандары қатысты.

Ұлттық корпус – қазақ тілінің бір жүйеге тоғыстырылған барша тілдік материалдарының базасы болуымен бірге мемлекеттік тілдің  виртуалды кеңістіктегі қолданысын, семантикалық кеңістігін кеңейтудің, ақпараттық таралымын арттырудың, тілдік ресурсты жаппай қолжетімді етудің тетігі.

Цифрландырылған жүйе түріндегі қазақ тілдегі мәтіндер базасы –  ұлттық тіліміздің өмір сүруінің белгілі бір кезеңінде әдеби тіл стильдерінің, тілдік қолданыстардың барлық түрлерін жинақтап, тұтынушыларға жеткізуші ақпараттық-анықтамалық ашық жүйе.

Іс-шараға ғалымдар, тіл білімі және ІТ  саласы мамандары, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button