Жаңалық

Шығыс жұлдыздарының жауһарлары жарық көрді

Бүгін Нұр-Cұлтан қаласында өткен «Шығыстың шоқжұлдыздары» атты халықаралық басқосуда Түркі халықтары әдебиетінің классиктері Низами Гәнжауидің, Әлішер Науаидың және Юнус Эмренің кітаптары таныстырылды.

Атап айтқанда, Низами Гәнжауидың әйгілі «Жеті ару» және «Ләйлі-Мәжнүн» дастандары қазақ халқының Таир Жароков, Қасым Аманжолов, Жақан Сыздықов, Дихан Әбілов, Тәкен Әлімқұлов қатарлы көрнекті ақындарының аудармалары арқылы толық нұсқада жарияланды. Бірегей басылымға танымал әзербайжандық суретші Фахраддин Али Вәлиоғлының арнайы салған туындылары енгізілген.

Сонымен қатар, көрнекті түрік ақыны Юнус Эмре жырлары қазақстандық танымал ақын Светқали Нұржанның әдеби-көркем аудармалары нұсқасында алғаш рет жеке жинақ ретінде жарық көрді.

Ал Әлішер Науаидің «Мұхакәматул-луғәтәйн» атты еңбегі де алғаш рет қазақ тіліне аударылып, басылып отыр. Жиында Әлішер Науаи жырларының әзербайжан тіліне аударылған толық жинағы да таныстырылды. Туындыларды әзербайжан тіліне аударған – азербайжандық танымал ғалым, профессор, доктор Рамиз Әскеров.

Басқосуға қатысқан Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев: «Әлем түркі жұртының рухани әлеуетін ұлы тұлғаларымыз бен олардың өміршең туындылары арқылы таниды. Осынау алып шайырлардың мұрасы мәңгілік жасампаздық күшке ие. Тіпті оларды түркі халықтарының өзара бауырластығының алтын діңгегі десек те қателеспейміз. Сол себепті, олардың мұрасын жарыққа шығару, аудару, зерттеу – бізге міндет», – деді.

Жиында сөз алған Өзбекстан Республикасының халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұхаммед-Али Ахмедов бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастық нығайып келе жатқанын атап өтсе, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов шығыс әдебиетінің шоқжұлдыздары арасындағы айрықша сабақтастықтарға тоқталды. Ақын Светқали Нұржан түркі әлемінің ойшыл ақындар туындыларының бауырлас халықтар арасында насихатталуына қатысты ойымен бөлісті.

Айта кетейік, аталған іс-шара Шығыс жұлдыздары Низами Гәнжауидің туғанына 880 жыл, Әлішер Науаидың туғанына 580 жыл және Юнус Эмренің дүниеден өткеніне 700 жыл толуына байланысты Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен өтті. Жоғарыда аталған жауһар туындылар да осы академияның бастамасымен жарық көріп отыр.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button