Сұхбат

Журналистика – практикаға негіделген мамандық

Гүлмира Серікбайқызы Сұлтанбаева – тәуелсіз журналист, саяси ғылымдар докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі.

2009 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Жылдың үздік оқытушысы» атағын алған. Бірнеше ғылыми жазбалар жазып, қазақ журналистикасының дамуына үлес қосты. Оның тәлімгерлігін ескере отырып, бүгінгі сұхбатымызда шетел тәжірибелері мен журфак білімі туралы ой талқыланды.

Гүлмира ханым, қазір заман талабы мен түрлі тенденциялардың өркендеуіне байланысты шетелде журналистика мамандығының атауын өзгерту туралы ұсыныстар айтылуда. Бұл жайында сіздің ойыңыз қандай?

  • Иә, мысалы Гонконгта «журналистика» емес, «коммуникация және кино», АҚШ-та «коммуникация мектебі» деген мамандық оқытылады. Әрине, кез келген даму үдерісінде шетел тәжірибесіне сүйенеміз. Тіпті Болон үдерісіне көшіп, кредиттік білім беру жүйесіне ауысымыз жаңашылдыққа ұмытылыс деп білемін. Осы кезде бізге журналистика мамандығының атауын өзгерту туралы ұсыныс түсті. Бірақ оны біз ауыстыра алмаймыз және ауыстырмауымыз да керек деп санаймын. Ол бірнеше жылдық процесс. Қазақ журналистикасының өзіндік тарихы, өзіндік жолы, мақсаты болғандықтан, ол солай қалғаны жөн.

Аймақтардағы журналистика факультеттерін қысқартып, бір-екеуін қалдыру керек дегенге көзқарасыңыз қандай? Сіздің ойыңызша, ол дұрыс па?

  • Иә, дұрыс. Қазіргі таңда 15 аймақтық университетте журналистика факультетін ашып қойған. Ал журналистика – ол теорияға емес, көбіне практикаға негіделген мамандық. Еш базасыз, яғни студия, шеберханалар мен зертханалық орындарсыз оқыту күлкілі әрі өкінішті жағдай. Ол тек – бизнес көзі. Ондай жерден кәсіби мамандарды тәрбиелеп шығару қиын. Журналистердің қара шаңырағы деп есептелетін ҚазҰУ-дің өзі қанша технологиялық жағынан қамтыдық десек те, практикалық жағына көңілі толмайтындар баршылық. Әлі күнге дейін Интернет кластерлер, 3Д студиялар жоқ. Сондықтан саннан гөрі сапаға мән беру керек.

Қазір «журналистік жоғары білімнің аса қажеті жоқ, тәжірибемен үйреніп аласыз немесе курстарды оқып алу жеткілікті» деген пікірлер көбейіп кетті. Бұл пікірге қалай қарайсыз және осы пікір иелеріне не айтар едіңіз?

  • Бұл полемика бізге Ресейден келді. Мұндай пікірдің туындауы орынды, бірақ әлі күнге дейін академиялық білімнің маңызсыздығын ешкім толық дәлелдей алмады. Дамыған шет елдердің өзінде әлі күнге дейін журналистерді дайындайтын факультеттер бар, олар жылдан-жылға дамып, көбейіп келеді. Оның өзі академиялық білімнің маңызын көрсетеді. Өйткені бүл – толыққанды білім, ал үш-төрт айлық курстар тек белгілі бір дағдыларды меңгеруге көмектеседі. Мұндай пікірлер және сондай мамандар журналистиканың академиялық статусын төмендетеді деп санаймын.

Журналистерге білім беретін ұстаздарға қандай талап қойылуы керек?

  • Журналистика факультетіндегі тәлімгерлер ең алдымен жаңа медиамен дос болуы керек. Ұстаз студенттен қалыс қалмауы керек, керісінше үйретері көп болуы тиіс. Журналистиканың тарихын айтатын адамдар онсыз да көп және оны барлығы дерлік айта алады, ал іс жүзінде журналистиканы дамыту қиын. Сол үшін факультетке барынша практик мұғалімдерді тартуға тырысамыз. Сонымен қатар, әр дәріскерді аттестациядан өткізу туралы ұсыныс айтқым келеді. Бұл аттестация маманның фотошоп, монтаж, дизайн жасау дағдыларымен және ақпаратты өңдеу мен орналастыру бойынша тексерілуі тиіс.

Тәжірибелі журналист, ғалым ретінде бүгінгі қазақ журналистикасына берер бағаңыз?

  • Қазақ журналистика жоқ, құлдырауда деген әңгіме айтуға болмайды, ол бар және бұрынғымен салыстырғанда елеулі жетістіктерге жетіп жатыр. Әрине, кемшіліктер бар, соларды түзетіп, жаңашылдыққа ұмтылу керек. Тәуелсіздікке қолжеткізгелі бері медианарықта тәуелсіз БАҚ пайда болды. Оның өзі біржақты емес, әртүрлі позициядағы БАҚ пен ақпараттардың пайда болуына әсер етті.

Сұхбатыңызға рақмет!

Басқа материалдар

Back to top button