Атырау облысы

АРАЛТӨБЕ КЕШЕНІ

Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласынан шығысқа қарай 70 км қашықтықта орналасқан. Хронологиялық мерзімі б.д.д. IV-б.д. ІІ ғғ.

Аралтөбе қорғандары тобын 1989 жылы Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы анықтады. 1989 жылы Аралтөбе қорғандарына З.Самашев басқаратын Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы қазба жұмысын жүргізді. Қорым төрт бөлікке бөлінген, бұл жылдың төрт мезгілін білдірсе керек. Одан басқа тағы да күн шапағы тәріздене 12 бөлікшеге бөлінеді. Бұл жыл «12 айдан тұрады» деген ұғымды білдіруі мүмкін. Қорғанның үсті жалпақ тастармен қабыршақ тәрізді тәсілмен жабылған.

Қазылған үш обаның алғашқысынан адам қаңқалары мен олар қолданған шыны моншақтардың сынықтары, жебе ұштары табылды. Екінші қорғаннан басы оңтүстікке қаратылып жерленген мүрде, оның жанынан жүзден астам жебесі бар қорамсақ, бүйірлі үлкен қыш құмыра, темір қылыш кездесті. Осыған дейін қылыштың пайда болу кезеңін аландар өмір сүрген, б.д. IV-V ғасырларына жатқызып жүрген болсақ, Жылыой өңірінен табылған қылыш, бұл қарудың пайда болуын төрт-бес ғасырға әрі жылжытып, осы өңірді мекендеген сарматтар тарихымен байланыстыра қарауға мүмкіндік тудырды.

Қазылған үшінші зираттан Қазақстан тарихындағы екінші алтын киімді адам табылды. Әйел және ер адам мүрделерімен қоса, олардың аяқ жағында екі жылқы және қыран құс жерленген болып шықты. Ер адам киімі әшекейлі алтын бұйымдармен безендірілген, тіпті шашын түйген байламшасы, жанындағы қару-жарақтары, қорамсақ жиектері, асатаяғындағы самұрық бейнесіне шейін алтынмен апталып, әшекейленген. Мұның өзі бұл адамның тайпа көсемі, қолбасшы немесе абыздықты ұстанған дінбасы болғанын дәлелдесе керек.

Сілтеме: http://www.kieliqazaqstan.kz/ru/attraction/view?id=143

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button