Қарағанды облысы

АРҒАНАТЫ ТАУЫНДА ОРНАЛАСҚАН ТАС МҮСІНДЕР БАЛБҰЛАҚ БҰЛАҒЫ

Ұлытау ауданының солтүстігіндегі тау сілемдері. Арғанаты таулары Ұлытау тауларынан ерекшеленеді. Арғанатының биік шыңынан қарағанда тау бірнеше қатпарлы белестерден тұрады және жынысы екі түрлі болып келеді. Біреуі қызыл түсті граниттен болса, екіншісі қара қошқыл түсті сланец кенінен жаралған. Маңында сарқырап ағып жатқан мөлдір су, ақтұңғиық, сарытұңғиық, түймешетен, мыңжапырақ, түймедақ сияқты емдік қасиетіне бай дәрілік өсімдіктер жерге әсем келбет береді. Арғанаты табиғатымен ғана ерекше емес, түркілердің орта ғасырдан қалған ғұрыптық тас мүсіндеріндегі ескерткіштермен де ерекше. Арғанаты сілемінің баурайынан VIII-ХІІ ғасырларға жататын граниттен қашалып жасалған «адам» тас мүсіндері де кездеседі. Көне тарихтан сыр шерткен ғұлама ғалым бұл зерттеуінде: «Тас мүсіндер тізбегінің көрнекті бір тобы Арғанаты тауының қойнауларында, Ұлытаудан Атбасарға баратын үлкен қара жолдың маңайында кездеседі. Арғанаты және ең биік шоқысы Мық, Домбауыл. Айыршоқы – Ұлытаудың солтүстік сауыры болып саналады. Арғанаты тауының толып жатқан сайларында тас шарбақпен мүсін тастың әртүрлі топтары кездеседі. Бүгінгі күнге дейін Арғанатыда түркі обалары, орта ғасырлық қорғандар, неолит тұрағы және тарихи үңгірлер бар. Домбығұлдың етегіндегі үлкен қоныс орны соның дәлелі. Бұл жерді кезінде Ә.Х.Марғұлан мен Қ.И.Сәтбаев «Орда-Базар» қонысы деп атаған. Жергілікті тұрғындар «Домбығұл» қонысы деп те атайды. Бұл жерге зерттеу жұмыстары әлі күнге дейін толық жүргізілмеген. Осы жерден 10 км-дей жерде биік қырдың басында үңгір бар. Арғанатыдағы Бозай өзенінің төменгі сағасында «Жекешат» сайы бар. Осы жерден ХІV ғасырға жататын тас мүсін табылған. Мүсіннің басты ерекшелігі – ол бұрынғы түркі дәуіріндегі салт-жоралғыдан басқаша, жаңа тарихи кезеңінің дәстүрімен қойылған. Мүсін кішігірім тас обаның түркі кезеңіндегідей шығыс жағында емес, солтүстік-батысына орнатылған. Беті де солтүстік-батысқа қарайды. Қызғылт қоңырқай түсті құмайт, тастан жонылған. Мүсінші басына сәукеле киген, жаңа түскен жас келіншектің сұлу бейнесін кескіндеген. Сәукеленің осы мүсіні таста келтірілген жеңіл түрін халық арасында желек деп атайды, төбесі биік басы шошақталған әйелдің арқасына төгіліп тұратын мұндай желек үлгілері қазақ этнографиясының көптеген деректерінде жақсы сақталған. Жекешат тас мүсіні сипаты бойынша Орталық Қазақстан өңіріндегі тас мүсін жасау дәстүрінің ең соңғы кезеңіне жатады. VІ ғасырдан бастап, тамыры арғы дәуірлерге баратын түркілердің тас мүсін өнері, кейінгі қыпшақ заманына қарай ислам діні тарапынан тыйым салынып, соңынан жойылып кеткен. ХVІ ғасырдан бастап, қазақ арасында тас мүсін орнына моланың солтүстік-батыс жағына қойылатын бетіне арабша жазу түсірілген құлпытастар кеңінен тарады. Сондықтан, Арғанаты бауырындағы тас мүсіндер ежелгі көне дәстүрдің жойылар алдындағы соңғы бой көрсетуінің бір үлгісі.91 Балбұлақ аталуының себебі су өте мөлдір болғандықтан, бұлақ басына тәу етіп келушілер Балбұлақ деп атап кеткен. Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев: «… Ұлытау кенересінің негізгі жоталары оңтүстіктен шөлейтке қарай созылған. Бұл жоталар шөлейт жиектерінен шығысқа қарай азырақ бұрылған. Оны қазақтар «Арғанаты» тауы деп атаған. Шын мәнінде, ең дұрысы «Арғын ата» болуы керек», – деп, жазбаларында қазақ тайпаларына жататын арғын руымен дәлелдеп, осылай тұжырым жасаған.

Басқа материалдар

Back to top button