Батыс Қазақстан облысы

БАЙБАРАҚ БАТЫР ҚҰДАЙҚҰЛҰЛЫ КЕСЕНЕСІ

Кесене Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Базаршолпан ауылынан 16 шақырым жерде Байбарақ қорымында орналасқан. Батырдың дулығасына ұқсас, көлемі сегіз қанат киіз үй тәрізді ескерткіш. Сырты киіз үйдің элементтері секілді безендірілген. Қасбетінде ер қаруы – бес қару бейнеленген. Үстірттің ақ тасынан қаланған. Авторы Маңғыстаулық шебер Ермұхамбет Әлиев.

Байбарақ Құдайқұлұлы (шамамен ХVІІІ ғ. басында өмір сүрген) – батыр, есімі ел ұранына айналған тұлға. Ел жадында сақталған шежіре деректері негізінде Байбарақ ұранының пайда болу тарихын алғаш қағаз бетіне түсірген тарихшы Исатай Кенжәлиев. Оның айтуынша, қалмақтардың қазақ даласына жасаған шапқыншылығы кезінде қолға түскен 14 жасар Байбарақ өзінің қайсарлығымен, батылдығымен, өжеттілігімен өз бостандығын алған. «Еліңе жіберсем, маған қандай алғыс айтар едің?» деген қалмақ батырына «Еліңді «Байбарақ» деп ұрандап, шауып кетер едім!» деген екен. Елге келген соң қалмақ еліне ұрыс қылуға қол жинап, Сейтімбет батырдан бата алып, көп кешікпей қалмақ басшысын тұтқынға алған. Бұл Байбарақтың алғашқы ерлігі екен. Сейтімбетке жеңіс хабарын жеткізе келгенде «Мен болсам қартайдым. Ендігі жерде Алаша елінің ұраны «Байбарақ» болсын» деп батасын беріпті.

Сөйтіп, бұдан бұлай «Байбарақ» сөзі Алашаның ұранына айналып, талай қиын сәтте ауыл іргесі, ел бірлігін сақтаудың ұйытқысы болыпты. Көптеген ұрыстар мен алқалы жиындарда күллі Алшын, Байұлы, бес аталы Сұлтансиықтың ұранына айналған сәттер бар көрінеді. Ескерткіш кесене астында батырдың сүйегі жатқан жоқ. Батыр Байбарақ жатқан қорымның жанына салынды.

 Сілтеме: http://www.kieliqazaqstan.kz/ru/attraction/view?id=30

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button