Маңғыстау облысы

БАЛУАНИЯЗ МҮСІРЕПҰЛЫ КЕСЕНЕСІ

Кесене Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Сенек ауылынан 60 шақырым солтүстік бағытта орналасқан. 1992 жылы Саришан Сейінқанұлы мен Сырпи Мамайұлының қолдауымен тұрғызылды.

Балуанияз Мүсірепұлы (1818-1856) – Маңғыстау адайлары мен түрікмен тайпалары, Хиуалықтар арасындағы соғыстарда ерекше көзге түскен батыр. Екі ғасыр бұрын Ресей патшалығы мен Хиуа хандығының қыспағында қалған Маңғыстау халқы екі елдің отарлау, басқыншылық саясатына да батыл қарсылық танытып отырған. Сол тарихи оқиғалардың бірі – Қараған-Босаға қырғыны.

1856 жылы көрші елдің басқыншылары тұтқиылдан шабуыл жасап, бейбіт жатқан қазақ жеріне баса көктеп кіріп, ұлдарын құлдыққа, қыздарын күңдікке алып, малдарын айдап елдеріне қайтады. Мұндай озбырлыққа шыдамаған Балуанияз Адайдың алпыс батырын бастап қарсы шығады. «Ебелектің елу аңғары», «Қараған босаға» жерінде өздерінен үш есе көп қарсыластарының 200 әскеріне тойтарыс беріп, оларды тізе бүгуге мәжбүр етіп, 10 мыңдай адамды, малды аман алып қалады. Сол қанды шайқаста отыз сегіз жастағы бас батыр Балуанияз бен інісі Қорғанбек, серіктері Майлыбай, Ораз, т.б. батырлар шейіт болады. Қаза тапқан Қараған Босаға жеріне, ескі атаулары Қалмақ үйген, Қараоба (Қалмақ үйген қараоба болуы да мүмкін) деп аталатын төбенің басына жауынгер серіктерімен жерленген. Қазір бұл төбе батыр атымен аталады.

Осы сапарда Балуанияз батыр мінген құла ат жау қолында кетеді. 11 айдай қараңғы қорада қамап ұстаған арғымақты далаға шығарып, аунап қунауына жағдай жасаған тұста тұлпар босап кетіп, құрсаудан шығып, Маңғыстауға тартады. Жануарға ие бола алмаған қуғыншылар сан соғып қала береді. Сол кезде Балуанияз батырдың жылдық асын беруге дайындық жүріп жатқан еді. Киелі жануар арада қанша уақыт өтсе де иесі тұрған жерге іздеп келіп құлап, жан тәсілім етеді. Мұндай құбылысқа риза болған жұртшылық көздеріне жас алып, батырдың тұлпарын адамша жерлеу рәсімін өткізеді. Ауыл адамдары «тірі кездеріңде де ажырамап едіңдер, енді о дүниеде де бірге болыңдар» деген мақсатпен аттың бас сүйегін Балуанияздың тамына апарып қойып, құран бағыштайды. Қалнияз жырау Шопықұлы «Балуанияз батыр» атты дастан шығарып, онда Тұрмамбет батыр, Балта палуан, ту ұстаушы Асар сұпылардың есімдері мен ерліктерін де жырға қосады.

Сілтеме: http://www.kieliqazaqstan.kz/ru/attraction/view?id=64

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button